Биылғы сайлауда байқаушылар арасында бәсекелестік көрген жоқпын – төрайым учаске жұмысын қорытындылады

20 Қараша 2022, 23:00
2155
Бөлісу:
Биылғы сайлауда байқаушылар арасында бәсекелестік көрген жоқпын – төрайым учаске жұмысын қорытындылады
Фото: Артём Чурсинов

Астана қаласындағы №379 сайлау учаскесінің төрайымы Гүлнар Садықова бұрынғы сайлаулардан биылғының айырмашылығын атап, дауыс беру нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Садықова сөзін таңертең болған түсініспеушіліктен бастады.

Кейбір ақпараттық порталдарда Астана, Алматы, Шымкент қалаларында дауыс беру 06.00-ден басталады деген жалған ақпарат тарағандықтан, халық сайлау учаскесіне 6-дан бастап келе бастады. Бірақ біз жұмысты ереже бойынша 7-ден бастадық. Сондықтан ерте келгендер учаскеге ренішпен кірді, – деді учаске төрайымы.

Бірақ Гүлнар Садықова мән-жайды түсіндіріп, учаскеге бірінші болып келгендерге сыйлық табыстаған. Оның айтуынша, дауыс беруге келген сайлаушылардың ең үлкен толқыны 7.00-ден 8.30-ға дейінгі аралықты қамтыды.

Сонымен қатар, учаске төрайымы биылғы сайлаудың өзі үшін ерекшелігін айтып өтті.

Бұрынғы сайлауларда байқаушылар арасында кәдімгідей күрес болатын. Биылғы сайлауда байқаушылар арасында бәсекелестік, талас көрген жоқпын. Биыл сайлау жылдағыдан тыныш өтті. Бұрынғы сайлауларда бізде міндетті түрде келіспеушіліктер орын алатын, - деді Гүлнар Садықова.

Сондай-ақ учаске төрайымы №379 сайлау учаскесі бойынша ҚР Президенттігіне кандидаттар үшін берілген дауыстардың нәтижелерімен таныстырды.

Учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы бойынша Қарақат Әбден 20 дауыс, Нұрлан Әуесбаев 17 дауыс, Жигули Дайрабаев 35 дауыс, Мейрам Қажыкен 26 дауыс, Қасым-Жомарт Тоқаев 762 дауыс, Салтанат Тұрсынбекова 30 дауыс жинаған. Ал «бәріне қарсымын» белгісі бар бюллетеньдер саны – 44.

Әкімдікке барып, жұмыс нәтижесін өткіземіз. Хаттамада қате кеткен жағдайда қайта оралып, оны түзеп, әкімдікке қайтадан барамыз. Жұмыс нәтижесін толық өткізбейінше сайлау комиссиясының басқа мүшелері учаскеде күтіп отырады. Алайда бізде бәрі дұрыс болатынына сенеміз, – деді учаске төрайымы.

Өзгелердің жаңалығы