Биылдан бастап Ұлттық кеңес оқуға түсу квотасының ауқымын кеңейтуді қолға алды

27 Қыркүйек 2021, 21:41
5290
Бөлісу:
Биылдан бастап Ұлттық кеңес оқуға түсу квотасының ауқымын кеңейтуді қолға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саяси реформаларды әзірлеу және ілгерілетумен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы Президент алға қойған түрлі әлеуметтік бастамаларды іске асыруға бағытталған. Бұл туралы Мемлекет басшысының көмекшісі Ерлан Қарин хабарлады.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 мамырда Ұлттық кеңестің үшінші отырысында берілген тапсырмасын орындау шеңберінде 2021 жылы қаңтарда «Білім туралы» Заңына төрт және одан көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасынан шыққан балаларға; бұл мәртебеге кем дегенде үш жылға ие толық емес отбасынан шыққан балаларға; бала кезінен мүгедектігі бар, І және ІІ топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан шыққан балалардың оқуға түсуі кезінде қабылдау квотасын қарастыратын норма енгізілген.

Биыл 21 сәуірде Үкіметтің қабылдау квотасының мөлшерін бекіту туралы қаулысы қабылданды. Осылайша, 2021 жылы алғаш рет азаматтардың әлеуметтік осал топтардың үш жаңа санаты бойынша гранттар берілген.

Сонымен, Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 13 тамыздағы бұйрығына сәйкес 50192 талапкерге мемлекеттік білім гранты берілді. Соның ішінде жетім балаларға – 386 грант, мүгедектігі барларға – 303, көпбалалы отбасынан шыққан балаларға – 3494, толық емес отбасынан шыққан балаларға – 964, бала кезінен мүгедектігі бар, бірінші және екінші топтағы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыдан шыққан балаларға – 354 грант тағайындалды, - деп атап өтті Президенттің көмекшісі.

Сондай-ақ биыл 25 ақпанда ҰҚСК-нің бесінші отырысында Мемлекет басшысы ерекше қажеттілікке ие балаларды қолдау бойынша тапсырмалар берген.

Қазіргі уақытта тапсырмалардың бір бөлігі іске асырылды. Атап айтқанда, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қаржыландырудың бұрын қолданыстағы жан басына шаққандағы нормативі екі есе ұлғайды. Сонымен қатар 2021 жылғы 26 маусымдағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық (коррекциялық) қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру бойынша нормалар бекітілді, - деді Ерлан Қарин.

Айта кететін жайт, мемлекеттік тапсырыс 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап іске асырылады деп күтілуде.

Көрсетілген норма ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды дер кезінде коррекциялық қолдау ауқымын ұлғайтуға жол ашады. Оның үстіне, аталған Заңның шеңберінде білім беру қызметін көрсету саласында жаңа тәсілдер әзірленіп, бекітілді, - деп отыр Президенттің көмекшісі.

Атап айтар болсақ, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшаларда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдаудың арнайы қызметі құрылатын болады.

Бұл Ұлттық кеңес шеңберінде іске асырылатын ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Қазіргі кезде Ұлттық кеңестің бастамаларын іске асыру аясында 80-нен астам нормативтік-құқықтық актілер, оның ішінде, 19 заң қабылданған.

Өзгелердің жаңалығы