Биыл Жетісуда облыстық деңгейдегі 193 шақырым жол жөнделеді

30 Қараша 2024, 04:30
313
Бөлісу:
Биыл Жетісуда облыстық деңгейдегі 193 шақырым жол жөнделеді
Фото: Жетісу облысы әкімдігі

Биыл Жетісуда облыстық деңгейдегі 193 шақырым жол мен 54 елді мекеннің ішкі жолдары жөнделіп бітеді. Сол қатарда аудан орталығы мен ауылдардың арасын қосатын жолдар, ауылдардың кірме жолдары, көпірлер, ауылішілік жолдар бар, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Осылайша 2024 жылдың соңына қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автомобиль жолдарының үлесі 94% жеткізіледі, - деп жазды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мәселен, Қаратал ауданында отыз жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген шалғайдағы Көпбірлік ауылына апаратын жолға жөнделіп, жуырда пайдалануға берілсе, осы аудандағы тағы бір маңызды жол - «Үштөбе – Ортатөбе – Кішітөбе» бағытындағы автотрассаның құрылысы бітуге таяу.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Қаратал ауданының халқымен кездесуінде көтерілген аталған жолдардың мәселесіне орай бюджеттен қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталған.

Үштөбе-Ортатөбе-Кішітөбе жолының жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілді. Жалпы ұзындығы 11 шақырым жөнделді. Мұнда екі қабатты, қалыңдығы 10 см жабын төселді. Қазір абаттандыру, жол белгілерін орнату жұмыстары атқарылып жатыр, – дейді Қаратал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Талғат Уалиев.

Жалпы 2024 жылы Жетісу облысында жолдарды салуға және жөндеуге 40,6 млрд. теңге бөлінді, облыстық маңызы бар жолдардың 38 шақырымына құрылыс пен қайта жаңғырту, 155,4 км - орташа жөндеу, 60,6 мың ш.м. ағымдағы жөндеу және 54 елді мекенде 157 км кентішілік жолдарды салу мен реконструкциялау жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сол сияқты Балқаш көліне дейінгі 132 км жол келесі жылғы туристік маусымға дейін толық пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек облыс аумағында республикалық маңызы бар автожолдарды қайта жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар іске асырылды. «Үшарал-Достық», «Талдықорған – Үшарал» автожолдарын қайта жаңарту аяқталуға жақын. Оған қоса «Сарыөзек – Көктал» және «Айдарлы-Көктал» автожолдарының учаскелерінде жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Өзгелердің жаңалығы