Биыл Жетісу облысында 500-ден астам мас жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Қауіпсіз қала» іс-шарасы аясында полицейлер мас жүргізушілерді анықтау жұмыстарын жандандырды. Талдықорғанда іс-шараның алғашқы сағаттарында патрульдік полиция қызметкерлері мас күйінде көлік жүргізген 24 жастағы қызды ұстады.
Көліктегі қыз патрульдерден жасырынбақ болған, бірақ көпқабатты үйдің ауласына тік бұрылып, жол белгісін бүлдіріп, жол жиегіне кірген. Медициналық куәландыру қыздың қанында «орта дәрежедегі» алкогольдің бар екенін растады, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша хаттама жасалды, – деді Жетісу облысы ПД ЖПҚБ.
Ұсталған көліктегі қыз 15 тәулікке қамауға алынады, 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылады. Жыл басынан бері өңірде полицейлер алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде автокөлікті басқарудың 522 фактісін анықтады. Мас жүргізушілердің кінәсінен 13 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қаза тауып, тағы 15 адам түрлі жарақат алды.