Биыл жазғы лагерьлерде 108 мың павлодарлық бала демалады

1 Маусым 2023, 18:03
786
Бөлісу:
Биыл жазғы лагерьлерде 108 мың павлодарлық бала демалады
Фото: Артём Чурсинов архив

Ертіс өңірінің 108 мыңнан астам оқушысы жазғы демалыспен қамтылады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасы мамандарының айтуынша, биыл 1-10 сыныптарда оқитын балалардың 98%-ы жазғы демалыспен қамтылады. Балалардың бос уақытын қамту, сауықтыру бағытында инновациялық әдіс-тәсілдерді іздеу мақсатында шығармашылық байқауларды ұйымдастыру жоспарланған.

Жазғы каникулда 300-ден астам жазғы лагерь ашылады. Олардың жұмысы бесінші маусымда басталады. Орта және жоғары звенода білім алатын оқушылар үшін салалық 400-ден астам лагерь жұмысы ұйымдастырылады. Бағыттары өте көп. Музыкалық, шығармашылық бағыттағы шеберлік сабақтары, қызықты шаралар өткізілмек. Сонымен қатар, қала сыртындағы 12 лагерь де бала қабылдауға әзір. Бұл жерлерде 6 мыңнан астам жеткіншек тынығады деп күтілуде, - дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова.

«Жазғы жолдама» әлеуметтік жобасы шеңберінде «Қазақстан халқына» қоры есебінен 925 ауыл баласына жолдамалар сатып алу жоспарланған. Осындай мүмкіндікке оқу, спорт, мәдениет салаларында үздік жетістіктерге қол жеткізден ұл-қыздар ие болмақ. Ал жалпы оқу есебінен әлеуметтік санатқа жатқызылған отбасылардың 12 мыңнан астам білім алушысы да сауықтыру және демалыспен қамтылады. Бұл игілікке бюджеттен 300 млн. теңге бөлінеді. 

Өзгелердің жаңалығы