Биыл Жамбыл облысында жем-шөп қоры жеткілікті ме

11 Қыркүйек 2024, 17:30
400
Бөлісу:
Биыл Жамбыл облысында жем-шөп қоры жеткілікті ме
Фото: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысында 2,6 млн тонна пішен жиналып, жоспар артығымен орындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлебек Құлекеевтің хабарлауынша, өңірде жем-шөп қоры жеткілікті, мал азығын дайындау жұмыстары тұрақты негізде жүруде.

Биыл 523,4 мың бас мүйізді ірі қара, 3,8 млн бас ұсақ мал, 184,9 мың бас жылқы, 7,7 мың бас түйе қыстауға түседі.

Осыған сәйкес 2,6 млн тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 88 мың тонна сүрлем, 470 мың тонна сабан, 353 мың тонна құнарлы жем дайындау жоспарланған.

Бүгінде 303 мың гектар жер шабылып, жоспарға сәйкес қажетті 2,6 млн тонна пішен, 99 мың тонна пішендеме, 472,4 мың тонна сабан жиналды. Бұдан бөлек, мал азығына 152,8 мың тонна дәнді дақыл бөлінді.

Қазіргі уақытта сүрлем жинау жұмыстары жалғасуда. 2024-2025 жылғы қыстауға түсетін әрбір шартты малға 19 центнерден азық дайындалған, өткен жылы бұл көрсеткіш 12 центнерді құрады. Дайындалған мал азығының негізгі бөлігі қыстау орындарына жеткізілуде. Арнайы құрылған жұмыс тобы барлық аудандарды аралап, жиналған жем-шөп қорыныа зерделеу жұмыстарын жүргізді, - делінген хабарламада.

Облыста 5 862 мал қыстату орны бар. Оның ішінде 1 202 мал қыстату орны шалғайдағы жайылымдарда, яғни құмды аймақтарда жайғасқан. Қазіргі таңда малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, қыс мезгіліне дайындық үстінде.

1 түк пішеннің бағасы тұрақты 500-650 теңге, 1 кг құнарлы жем бағасы 60-68 теңге көлемінде сатылуда.

Басқосу барысында мал азығын дайындау барысы туралы аудан әкімдері хабарлама жасады.

Ербол Қарашөкеев аудан басшыларына шалғай орналасқан қыстақтарға зерделеу жүргізіп, шаруалардың жол жүру, байланыс орнату, жем-шөп, азық-түлік қорын қалыптастыру, сондай-ақ қора-жайларының талапқа сай болу мәселесіне баса мән беруді тапсырды.

Бұдан бөлек, мал азығы бағасын қадағалап, оның негізсіз өсуіне жол бермеу үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізуді қатаң ескертті.

Кеңесте жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген алқаптардың жай-күйі қаралып, аталған мәселе бойынша жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктелді.

Өзгелердің жаңалығы