Биыл үш ірі теміржол вокзалы толық жаңартылды

Бүгiн, 14:23
103
Бөлісу:
Биыл үш ірі теміржол вокзалы толық жаңартылды
Фото: Артём Чурсинов -архив

2024 жылы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Шымкент, Павлодар және Қызылорда қалаларындағы теміржол вокзалдарында толық реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жасалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жұмыстар жолаушыларға сапалы әрі ыңғайлы қызмет көрсетуге, инфрақұрылымды заманауи талаптарға сай етуге бағытталған.

Шымкент және Павлодар қалаларының теміржол вокзалдары реконструкциядан өтсе, Қызылорда қаласы теміржол вокзалы күрделі жөндеу жұмысымен қамтылды.

Шымкент вокзалының өткізу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Бұрын тәулігіне 2000 жолаушыға қызмет көрсетілсе, қазір бұл көрсеткіш 6000 жолаушыға жетті. Ғимараттың жалпы аумағы 1770,2 шаршы метрден 2250 шаршы метрге дейін кеңейтілді.

Павлодар вокзалында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған екі жүк-жолаушы лифті орнатылды. Ғимарат ішіне тактильді бағыттағыштар төселіп, арнайы демалыс бөлмелері мен санитарлық тораптар жасақталды.

Қызылордада 1905 және 1968 жылдары салынған екі тарихи ғимарат жаңғыртылып, жолаушылар ағыны бірнеше есе артты.

Үш вокзалда да жөндеу жұмыстары аясында сыртқы келбеті жаңартылып, есік-терезе жүйелері мен инженерлік коммуникациялар ретке келтірілді. Ерекше қажеттілігі бар жандар үшін пандустар, тактильді жолақтар және арнайы кассалар орнатылды. Сонымен қатар заманауи WiFi аймақтары, ақпараттық экрандар мен рентген аппараттары іске қосылды.

Қазіргі таңда әртүрлі бағытта Шымкент вокзалынан 20 жұп, Павлодар вокзалынан 16 жұп, ал Қызылорда вокзалынан 15 жұп пойыз қатынайды.

Өзгелердің жаңалығы