Биыл Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп пайдалануға беріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ 24KZ-ке сілтеме жасап.
Оның 19-ы білім күні есігін айқара ашпақ. Жаңа мектептің бірі Отырар ауданы орталығында салынып жатыр. Шәуілдір ауылында салынып жатқан 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы былтыр басталды. Қазір үшінші қабаты көтерілуде. Оқу ғимараты бірнеше бөліктен тұрады. Әр блоктың өз асханасы мен спорт залы болады. Сыртында футбол және баскетбол алаңдары салынады. Интерактивті пән кабинеттерінен бөлек, физика, химия және биология зертханасы болады. Робототехника және 3D модельдеу студиясы, металл және ағаш өңдеу шеберханасы жұмыс істейді.
Бұл мектепте бәрі заманауи құрылғылармен жабдықталады. Оқушыларға барлық жағдай жасалады. Отандық өнімдерді қолданып жатырмыз. Қазіргі таңда жұмыстың 70%-ін орындадық. Алда қыркүйектің 1-іне дейін тапсырып қоямыз. Оқушыларды таситын автобус болады осы ауылдың өзара ішінде, - деп жазды учаске басшысы Жошы Рыспанов.
Жоба құны – 5,8 млрд теңге. Мектеп балалардың қимыл-қозғалысына ыңғайлы отандық жиһазбен қамтылады. Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған ұлттық жобаның жемісін отырарлық бүлдіршіндер көретін күн алыс емес. Жалпы Шәуілдір ауылында Өзбекәлі Жәнібеков, Шәмші Қалдыаяқов және Жамбыл Жабаев атындағы 3 мектеп бар.
Бізде апатты, үш ауысымды мектептер жоқ. Мектептің саны халық санына тура келеді. Ал «Жайлы мектепке» келетін болсақ, бұл жерге мұғалімдердің барлығы конкурстық негізде қабылданады. Өте білімді, білікті мұғалімдер келеді. Санатына қараймыз, талап қойылған. Биыл іске қосылады деген жоспарымыз бар, - деді аудандық білім бөлімінің әдіскері Арын Ахметжан.
Жаңа оқу ғимараты қауіпсіз және қолайлы болу үшін заманауи бейнекамералармен қамтылады. Жалпы Түркістан облысында 63 «Жайлы мектептің» құрылысы жүріп жатыр. Келешекте онда 49 мың бала білім алады деп күтілуде.