Бұл туралы Қарулы күштері Бас әскери медициналық басқармасы бастығының орынбасары – емдеу алдын-алу басқармасының бастығы Берік Ілиясов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әскердегі өлім-жітімді екіге бөлуге болады. Бірінші – жарақаттанудан қайтыс болғандар, екіншісі – науқастанып көз жұмғандар. Биыл төрт айдың ішінде 11 жағдай болды. Оның жетеуі – жарақаттануға байланысты, төртеуі – науқастануға байланысты. Егер бұлардың ішінде мерзімді әскери қызметке шақырылғандарды алсақ, екі сарбаз, бірі – парашюттен секіру кезінде, екіншісі – ми ісігінен қаза тапты, - деді Бас әскери медициналық басқармасы бастығының орынбасары Сенаттың кулуарында берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол былтыр 130 мыңнан астам адам әскерге бару үшін медициналық тексерістен өткенін айтты.
2022 жылы (әскерге бару үшін – ред.) медициналық комиссиядан өткендердің саны 130 мыңнан асып жығылады. Оның 80 пайызы – әскери қызметке жарамды деп танылған. Ал қалған 20 пайызы, оның ішінде 15 пайызға жуығы – әскерге мүлдем жарамсыз болса, 5 пайызы – уақытша жарамсыз болған. 80 пайыздың әскери қызметке жарамды болғанының өзінде әрі қарай тағы да іріктеу сындары бар. Психологиялық тексеруден өтуі керек, болмаса, оқу деңгейі сынды талаптарға сәйкес келмей, өтпей қалатын жайттар кездеседі. 130 мың адамның 80 пайызы – 100 мыңдай адам. Қарулы күштер, басқа да әскери құрылымдарды қосқанда 30 мыңды құрайды. Сондықтан ол (қажеттілікті – ред.) толық жабуға келеді деп айтуға келеді, - деп атап өтті Берік Ілиясов.
Айта кетейік, Сенатта өтіп жатқан комитет отырысында сенатор Геннадий Шиповских Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары, әділет подполковнигі Мақсат Қазиевке сұрақ қойып, әскери саладағы мәселені көтерді. Айтуынша, қазір әскер азғындықтың ордасына айналып кетті. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда қаншама қыршын жастарымыз кетіп жатыр.