Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бюджетке түсетін жүктемені азайту және өзін-өзі ақтау мақсатында реконструкция және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде "ақылы»"статусын кезең-кезеңімен енгізу жалғасып жатыр. Қазір республика бойынша ұзындығы 3 мың 200 шақырым ақылы жол жүйесі жұмыс істейді, - деді Қарабаев.
Көлік министрінің мәліметінше, 2024 жылы ақылы жолдардан 48 млрд теңге пайда түскен.
Биыл қосымша 4 мың шақырым ақылы учаскелер енгізіледі, олардан келетін түсімдер көлемі биыл 60 млрд, ал келесі жылы 100 млрд теңгеге дейін жетеді. Бұл ретте, осы ақылы жолдардан түскен қаражаттың бір бөлігін құрылыс жұмыстарына алынған қарыздардың пайыздық мөлшерлемелерді өтеуге жұмсау мәселесі қарастырылып жатыр, - дейді Марат Қарабаев Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде.
Министрліктің дерегінше, елімізде мынадай ақылы жолдар бар:
- Астана-Щучинск (211 км);
- Астана-Теміртау (134 км);
- Алматы-Қонаев (42 км);
- Алматы-Хоргос (295 км);
- Астана-Павлодар (375 км);
- Қонаев-Талдықорған (186 км);
- Тараз-Қайнар (238 км);
- Шымкент-Қызылорда (447 км);
- Шымкент-Тараз (90 км);
- Шымкент-Ташкент (84 км);
- Щучинск-Көкшетау (61 км);
- Павлодар-Қалбатау (453 км);
- Бейнеу-Ақжігіт (85 км);
- Орал-Самара (56 км);
- Павлодар-Омск (198 км);
- Көкшетау-Петропавловск (169 км);
- Орал-Саратов (99 км);
- Қызылорда-Арал (455 км).
Айта кетейік, 2025 жылы 13 мың шақырым жол жөнделетіні туралы осыған дейін жаздық.