Биыл СҚО-да 177 жоба қаржыландырылады

5 Маусым 2021, 18:15
3940
Бөлісу:
Биыл СҚО-да 177 жоба қаржыландырылады
Сұхбат

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында шағын және орта бизнесті ерекше қолдау керегін айтқан болатын.

Осыған орай бизнес субьектілеріне қаржылай көмек көрсету, несиесін жабу және гранттар бөлу жүргізіліп жатыр. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында қаржыландыру тетіктері қалай жүзеге асып жатқанын білу мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы Солтүстік Қазақстан өңірлік филиалының директоры Мереке Сыздықовты әңгімеге тартқан едік.

- Мереке Өмірбекұлы, дәл қазіргі уақытта, пандемия кесірі күнделікті өмірімізге қиын тиген сәтте кәсіпкерлерді қолдау үшін қандай тетіктер қолданылып жатыр?

- Рахмет, ғаламды дүрбелеңге салған індеттің зардабы кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүргендерге де ауыр тиді. Бүгіндері шағын және орта бизнес субъектілері күрделі кезеңді бастан өткеруде десек артық айтқандық емес. Соның кесірінен біразының кәсібі өрге баса алмай келеді, жұмысшыларын қысқартып, көбі тұрақты жұмысынан айырылды. Осы орайда Мемлекет басшысы экономиканың шеккен зардабын еңсеру үшін 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктерін беруді тапсырған болатын, өазір соның арқасында үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Көбіне салықты төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қаржыландыру мүмкіндігі берілді. Бірақ ахуал әлі де болса қиын, әзірге түзелетін түрі көрінбейді. Сондықтан, шағын және орта бизнес өкілдеріне қосымша көмек болсын деп экономикалық тұрақсыздықтан зардап шеккен салалардағы алған несиелерінің 6 пайызға дейінгі жылдық мөлшерлемесі бойынша мемлекеттік субсидия беру тапсырылған болатын, ол жүзеге асырылды. Субсидиялау Төтенше жағдай жарияланған сәттен, яғни 2020 жылдың 16 наурызынан бастап бір жылдық кезеңді қамтыған еді. Нәтижесінде осы пандемияның зардабын тартқандарға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы жүзеге асырылған жалпы құны 10 миллиард теңгеден асатын 214 жобаның иелеріне несиені өтеу мерзімі шегерілді. Олар қазан-желтоқсан айлары аралығында осындай көмекке ие болды.

- Басқа қаржылық құрылымдардан көмек болды ма?

- Иә, қазір Ұлттық банк көбірек зардап шеккен салаларда шағын және орта бизнестің айналым қаражатын арттыру мақсатында арнайы бағдарламаны жүргізіп жатыр. Президенттің тапсырмасымен қазіргі жағдайға байланысты бұл жобаны жүзеге асыру мерзімін жылдың соңына дейін ұзартылды және оның аясы кеңейді. Ол үшін қосымша 200 миллиард теңге бөлінген. Бұдан басқа, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тиесілі жылжымайтын мүлік нысандарын жалға алып отырған шағын және орта бизнес өкілдері жыл соңына дейін жалдау ақысын төлемейтін болды. Бұл әрине, қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтауда аса зор рөл атқарып отыр. Бір сөзбен айтқанда кәсіпкерлер, оның ішінде көп зардап шеккен саланың өкілдеріне жеңілдіктер жасалып, аяқтарында тұруына барынша мүмкіндік берілуде. Осыған байланысты, Президенттің тапсырмасымен бизнес субьектілері еңбекақыдан бюджеттік емес қорларға төлем аударуды жыл соңына дейін тоқтатты.

- Салық жүйесі қазіргідей кезеңде біраз қиындықтар тудырып отырғаны өтірік емес, жеңілдіктер туралы айттыңыз ғой, соны тарқатсаңыз?

- Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті реформалау керектігін атап өтті. Оның басты себебі – кәсіпкерлерді ретсіз тексерулерді азайту, салық жүктемесінің көптігі деген еді. Осыған байланысты реттеу саясатаның негізгі талаптары өзгертілді. Яғни, ендігәрі азаматтардың денсаулығы мен экологияны қорғау үшін ғана мемлекеттік реттеу органдары тексеріс жүргізе алады. Шағын және орта бизнес өкілдерін қатаң қадағалау мен жиі тексеруге тыйым салынды. Осыған орай үш жылдық мораторий енгізілді. Осыған байланысты қандай да бір тексерістер кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуы, бизнесмендердің жұмысына кедергі келтіру сияқты шаралар мемлекетке қарсы жасалған ауыр қылмыс ретінде бағаланып, тиісінше қатаң жазаланады.

- Солтүстік Қазақстан облысында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» қандай жұмыстар атқаруда?

- Айтарлықтай жұмыстар атқарылды деп ойлаймын. Облыстық филиал қазіргі күні екі механизм негізінде жұмыс істеп келеді. Біріншісі субсидиялау, екіншісі – кепілдік беру. Бұл кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған құралдар «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, былтыр облыс бойынша жалпы 219 жоба мақұлданса, жалпы құны 10,3 миллиард теңге болды. Олар негізінен ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда мен көлік салаларына тесілі. Ал биыл қордың филиалынан құны 6 миллиард теңгеге жуық 177 жобаны қолдап, қаржылай көмек беріледі. Біздің қор бизнесін енді де бастағалы тұрған адамдарға да қолдау көрсетеді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының субсидиялау тетігі бойынша несие алушыларға кепілдік мөлшерінің 85 пайызына дейін бере алады. Бірақ, бұл кәсіпкердің екінші деңгейлі банкке ұсынар кепіл заты болмаған жағдайда ғана мүмкін. Сондай-ақ аталмыш бағдарламаның жылдық мөлшерлемесі 14 пайызды құрайды. Оның 6 пайызы қор өз есебінен субсидияланады. Нәтижесінде өз ісін бастағалы отырған азамат тек қалған несиеге үстеме ретінде 8 пайыз ғана төлейді. Жалпы , Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы 2010 жылдан бері «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын бойынша, осы уақытта жалпы құны 134,7 миллард теңге болатын 1560 жобаны мақұлдады. Кәсіпкерлерді қолдау тоқтамайды, бұл мемлекетіміздің басты саясатының бірі.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы