Биыл Шығыста көктемгі егіс науқаны сәуір айының ортасында басталуы мүмкін

12 Наурыз 2021, 12:01
2234
Бөлісу:
Биыл Шығыста көктемгі егіс науқаны сәуір айының ортасында басталуы мүмкін

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл шығысқазақстандық шаруалар көктемгі егіс науқанын сәуір айының екінші онкүндігінде бастап кетуі әбден мүмкін.

Шаруаның жайы күннің райымен тығыз байланысты. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Өйткені, егіс түсімінің тең жарымы дәннің көктемде топыраққа себіліп, күзгі орымға дейінгі аралықта оның күтіп-бапталуымен байланысты болса, қалған 50 пайызы ауа райына байланысты екені бесенеден белгілі. Маусым сайын қайта айналып соғатын күйбең тіршілік биыл да күннің райына байланысты болмақ. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, өңірдің табиғи-климаттық жағдайы мүмкіндік берсе, биыл көктемгі дала жұмыстарын сәуір айының екінші онкүндігінде бастап кету жоспарланған. 

Өткен жыл да осы істе өңір шаруалары үшін оңайға соқпағаны белгілі. Жыл бастала пандемияға байланысты қойылған шектеулер, жаз ортасына қарай болған қуаңшылық егіс түсімін біршама төмендетіп жіберді. Дей тұрғанмен, былтырдан алған сабақ аймақтағы осы салаға жауапты мемлекеттік органдардың сақтығын ұлғайтпаса, кеміткен жоқ. Атап айтсақ, биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге бюджеттен бөлінетін қомақты қаржы шаруаның жайын жақсарта түспек. 

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын табысты жүргізу үшін 2021 жылы облыстық бюджеттен 5 млрд 577 млн теңге субсидия бөлінді. Бұл былтырғы деңгейден 178,1 млн теңгеге артық, - дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян. 

Құзырлы мекеме басшысының айтуынша, аталған субсидиялау қаражатының 2,1 млрд теңгесі тұқым шаруашылығын қолдауға бағытталса, 1,7 млрд теңгеден астамы минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға, ал 1,6 млрд теңгеден астамы пестицидтердің құнын арзандатуға және суармалы суды жеткізу бойынша қызметтердің құнын субсидиялауға бөлінбек. 

Сонымен қатар көктемгі егіс науқанын жүргізу үшін өңір шаруаларына жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінеді. Басқарма басшысының хабарлауынша, егіс науқанын жүргізу үшін өңір шаруаларына 32 мың тонна дизель отыны қажет көрінеді. Ал бүгінде облыстағы шаруашылықтарда 3,4 мың тонна жанар-жағармай бар. Бұл қажеттіліктің 11 пайызын құрайды. Бұдан бөлек, еліміздің Энергетика министрлігі көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Павлодар мұнай өңдеу зауытынан босату бағасы тоннасы 174 мың теңгеден, яғни литрі 146 теңгеден, 32 мың тонна жанармай бөлді. Аталған жанармайдың 2 мың тоннасы наурыз айына қарастырылса, қалған жанармай сәуір, мамыр, маусым айларына тиісінше 10 мың тоннадан бөлінбек. 

Биыл егіс алқаптарының көлемі де арта түспек. Атап айтсақ, ағымдағы жылы болжамға сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 1379,7 мың гектарды құрап, өткен жылғы деңгейден 16 мың гектарға жоғары болмақ. Егіс алқаптарында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 42 пайызын құраса, майлы дақылдар 34,4 пайызына себілмек. Оның ішінде күнбағыс 31,8 пайызын құрайды. Бұл соңғы жылдары өңірдегі диқандардың майлы дақылдарды көптеп өсіре бастауының белгісі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар нәтижесінде аталмыш дақыл түрлерін өсірудегі көрсеткіш жоғарлай түсті. Мұның бір айғағы, бүгінгі таңда аймақта жүзеге асырылып жатқан өсімдік майын өңдеуге арналған үш ірі жоба. Бұл өз кезегінде аталған өнімнің өңделу қарқынын жылына 1,1 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік бермек. Осылайша, кешенді түрде жүргізілген істердің арқасында 2022 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген май дақылдары өнімдерінің көлемі төрт есеге дейін ұлғаймақ. 

Облыстық басқарманың ақпаратына сүйенсек, биылғы жылы өңірдегі егіс алқаптарының 23 пайыздан астамына мал азықтық дақылдар, картоп және бақша дақылдары егілетін көрінеді. Сондай-ақ, болжам бойынша жаздық дақылдар 1101,6 мың гектарды, ал күздік дақылдар 48,8 мың гектарды құрайды. 

Биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге облыс бойынша бес мыңнан астам шаруашылық қатысады. Көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастыру үшін шаруашылықтарда тракторлар мен егіс және топырақ өңдейтін техникалар жеткілікті. 10 наурыздағы жағдай бойынша облыста тракторлардың дайындығы 97 пайызды, ал топырақ өңдеу және егіс техникаларының дайындығы тиісінше 98 пайызды құрайды. Бүгінгі күні өңірдегі аудан, қалалардың көктемгі егіс науқанына дайындығы орташа алғанда 98 пайыз. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге деген дайындық барысына жүргізілген талдау, жалпы жоспарланған жұмыстардың барлық кешені сапалы әрі тиісті агротехникалық мерзімде орындалатынын көрсетеді, - деп қосты Владимир Гайламазян. 

Өңірде өсірілетін дақылдардың аудандар бойынша отырғызылатын көлеміне көз жүгіртсек, астық және бұршақ дақылдарын егу көрсеткішінде Бородулиха, Шемонаиха, Үржар, Алтай және Ұлан аудандары алдыңғы орынға жайғасқан. Ал май дақылдарын өсіруде Бородулиха, Үржар, Шемонаиха, Ұлан аудандарымен қоса, Көкпекті, Бесқарағай және Катонқарағай аудандарының шаруалары да бел шеше кіріскен. Шығыс Қазақстан астық дақылдарының ішінде жаздық бидай, арпа, сұлы және қарақұмық егуге, майлы дақылдардың ішінде күнбағыс, соя, рапс сияқты дақылдарды отырғызуға көбірек машықтанған. 

Бұдан бөлек, өңірдің кейбір аудандары картоп пен басқа да бақша дақылдарын егуді қолға алған. Облыстық басқарманың берген ақпаратына сүйенсек, былтырғы жылы аймақтың аудан, қалаларында жалпы аумағы 17,6 мың гектар алқапқа – картоп, ал 14,4 мың гектар алқапқа – бақша дақылдары егілген екен. 

Сондай-ақ, етті және сүтті мал шаруашылығының дамуы соңғы жылдары облыста азықтық дақылдардың көптеп өсіріле бастауына жол ашты. Алтайдың алты айға созылатын қаһарлы қысында облыстағы шаруалар үшін біржылдық және көпжылдық дақылдарды егіп, сүрлем жабудың пайдасы зор. Осы себепті, тек былтырғы жылы ғана облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдары жалпы аумағы 292 мың гектар алқапқа аталмыш дақыл түрлерін отырғызған. Статистикалық деректер бойынша өткен жылдарда көпжылдық дақылдар 235,8 мың гектар алқапқа отырғызылған. Яғни, көрсеткіш бірнеше жыл ішінде 56,2 мың гектарға өскен.
 



Өзгелердің жаңалығы