Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл шығысқазақстандық диқандардың өңдеп, егіс егетін алқаптары өткен жылға қарағанда 16 мың гектарға артық болмақ.
Өткен жылғы карантиндік шектеулер ауыл шаруашылығы саласының маңызын сездірді. Жер ананың берері мол екенін осындай қиын-қыстау кезеңде тағы бір байқадық. Сол себепті биыл бұл іске шаруалармен қатар ел билігі де көбірек көңіл бөлуге ыңғайланған сыңайлы.
Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Өйткені биыл көктемгі егіс науқанын өткізуге және күзгі орақ маусымын ойдағыдай аяқтауға облыстық бюджеттен 5,5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып, өткен жылғы деңгейден 178,1 млн теңгеге асып түсті. Бөлінген қаражаттың ішінде 2,1 млрд теңгеден астамы тұқым шаруашылығын қолдауға, 1,7 млрд теңгесі минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға, 1,4 млрд теңгесі пестицидтер құнын арзандатуға, ал 206,6 млн теңгесі суармалы суды жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға бағытталмақ.
Биыл болжамға сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 1 379,7 мың гектарды құрап, өткен жылғы деңгейден 16 мың гектарға артық болмақ. Оның ішінде, 42 пайызы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, 34,4 пайызы майлы дақылдар, 21,2 пайызы азықтық дақылдар, 1,3 пайызы картоп, 1,1 пайызы көкөністер мен бақша дақылдары егіледі, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Владимир Гайламазян.
Шығыста қыс маусымы ұзақ әрі ызғарлы болып келетіні белгілі. Дей тұрғанмен, осындай жағдайдың өзінде қар астында көптеген дақыл қыстап шығады. Билік органдарының статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы қыстық дақылдар 43,9 мың гектар жерге егілген екен. Үйреншікті бидай дақылдарымен қатар қар астында қыстайтын май дақылдарын да өсіру соңғы жылдары кең етек алып келеді.
Жалпы, ең көп егілетін қыстық бидай – 36,9 мың гектар. Сондай-ақ, 5,2 мың гектарға қыстық қарабидай отырғызылса, 0,3 мың гектар алқапта арпа егілген. Біраздан бері олармен қатар 1,5 мың гектар алқапта қыстық рапс өсіріліп келеді.
Қыс қарсыз әрі салқын болғанына қарамастан қыстық дақылдардың 8 мың гектары, яғни 18 пайызы жақсы жағдайда, ал 36,5 мың гектары, яғни 82 пайызы қанағаттанарлық деңгейде сақталған.
Осы ретте топырақтағы ылғалды сақтау өте маңызды болып келеді. Аудан, қала әкімдіктерінің берген жедел ақпаратына сенсек, бүгінгі күні 771,8 мың гектар алқапты жауып, топырақ қабатындағы ылғалды сақтау жоспарланып отырған көрінеді. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстың тек сегіз пайызы ғана орындалған. Әзірге жұмыс барысы өткен жылғы деңгеймен бірдей болғандықтан алаңдауға себеп жоқ. Мұнымен қатар облыс аумағында көктемгі егіс науқанына деген дайындық, жер жырту жұмыстары жүргізілуде.
Көктемгі егіс науқанын жүргізуге қатысты жасалған талдау нәтижесі өңір шаруаларының кешенді жұмыстар жүргізуге деген дайындығының жаман еместігін және барлық жоспарлардың уақытылы жүзеге асатындығын көрсетті, – деп қосты Владимир Гайламазян.
Бұған дейін біз Шығыста көктемгі егіс науқанының сәуір айының екінші онкүндігінде басталатыны жайында хабарлап, барлық трактордың 98 пайыз, ал топырақ өңдейтін және тұқым себетін техникалардың 100 пайыз егіс науқанына дайын екені жайында айтып өткен болатынбыз. Биылға қажетті 32 мың тонна дизель отынының Павлодар мұнай зауытынан бөлінетіні де белгілі. Бүгінгі күні өңірдегі шаруалар наурыз, сәуір айларына жоспарланған 9,6 мың тонна дизель отынымен толықтай қамтамасыз етілген. Қалай дегенмен, сәуір айының соңғы онкүндігі ашық болғанымен ауа температурасының салқындығы әлі де сақталуда. Бұған қоса эпидемиологиялық жағдай да тұрақты емес. Сол себепті, шығысқазақстандық шаруаларға сабыр ауадай қажет сияқты.