Биыл ШҚО мектептеріне 20 мың оқушы бірінші сыныпқа барады

29 Шілде 2021, 18:11
4594
Бөлісу:
Биыл ШҚО мектептеріне 20 мың оқушы бірінші сыныпқа барады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім басқармасының басшысы облыс әкімі Даниал Ахметовке биылғы жаңа оқу жылына дайындық мәселелері туралы баяндады. 

Сайрангүл Жұмаділова жаңа оқу жылына жоспарлы дайындық аясында ШҚО-ның барлық мектептері медициналық маскалармен, санитайзерлермен, антисептикалық кілемшелермен және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Сонымен қатар 22 мыңнан астам мектеп, колледж және интернат ұйымдарының педагогтері вакцина алды. 

Биылғы оқу жылында облыстың 647 жалпы білім беретін мектебінде 198 мыңнан астам оқушы білім алады. Оның ішінде мектеп табалдырығын алғаш аттайтын бірінші сынып оқушылары 20 мыңға жуықтайды. Қазіргі уақытта 7 мектепте күрделі, ал 130 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Барлық жөндеу жұмыстары 20-тамызға дейін аяқталады, - деді Жұмаділова. 

Сондай-ақ, ол жаңа оқу жылында барлық оқушылар оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз етілетінін, ал шалғай ауылдарда тұратын 3 мың бала үшін мектеп автобустары қатынайтынын хабарлады. Ол үшін облыстық бюджет есебінен қосымша 26 көлік сатып алынды. 

Облыстың 584 мектебінде 196 мыңнан астам оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады, оның ішінде 37 мыңы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары. 

Мектептерді жылу беру маусымына дайындау мәселесі жеке қаралды. Білім басқармасы басшысының ақпараты бойынша, облыстағы 152 мектеп орталық жылу жүйесіне қосылған. Қалған 495 мекемеде жылыту автономды жүйеде. Олар үшін 90 мың тоннаға жуық қатты және 1,5 мың тонна сұйық отын, сондай-ақ 474 текше метр газ сатып алынды. ШҚО әкімінің тапсырмасына сәйкес оқу жылының басында барлық мектеп қажетті отын қорымен қамтамасыз етілетін болады. 

Сондай-ақ, С.Жұмаділова Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында өңірде 100 мектеп қайта жасақталып жатқанын хабарлады. Мәселен, жаңа оқу жылына 160 жаңа пән кабинеттері сатып алынады, мектеп жиһаздары мен асханаларға арналған жабдықтар жаңартылады, кітапхана қоры цифрландырылады және көркем әдебиеттер қоры толықтырылады.

Өзгелердің жаңалығы