Биыл шекарадағы санитариялық-карантиндік бақылаудан 4,5 млн адам өтті

4 Қараша 2024, 15:54
395
Бөлісу:
Биыл шекарадағы санитариялық-карантиндік бақылаудан 4,5 млн адам өтті
Фото: BAQ.KZ - архив

ДСМ Санитариялық-эпидемилогиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұртуған Ерубаев мемлекеттік шекарадағы санитариялық қорғау жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ел халқының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығының басым бағыттарының бірі - Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғау, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу.

Нұртуған Ерубаевтың сөзінше, санитариялық-карантиндік бақылау тәулік бойы 17 халықаралық әуежайды, 5 теміржол өткелін, 2 теңіз портын және "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының Бақылау-өткізу пунктін қоса алғанда, 25 өткізу пунктінде жүзеге асырылады. Барлық келген адамға міндетті түрде термометрия жүргізіледі.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын және Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды қамтамасыз ету мақсатында биыл 9 айында 4 млн 346 мың 241 адам санитариялық-карантин бақылауынан өтсе, нәтижесінде дене температурасымен 48 жолаушы анықталды. Жыл басынан бері Қазақстанда тырысқақтың сырттан әкелінген 3 жағдайы тіркелді, оның ішінде 2 жағдай Ресей Федерациясының азаматтарынан және 1 жағдай Қырғыз Республикасының азаматынан анықталды. Ошақтар локализацияланған, - деп айтты басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, осы кезеңде санитариялық-карантин бақылауы барысында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында жалпы көлемі 40 435,75 тонна құрайтын бақылаудағы тауарлардың 1 825 партиясы тексерілді. Тексерілген тауарлардың негізгі санаттарына тұрмыстық химия, жеке күтім заттары, ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар жатады.

Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауына не сәйкес келмеуіне байланысты СКБ мамандары Қазақстан Республикасына 3 580,98 тонна көлеміндегі 177 жүк партиясын әкелуге тыйым салды.

Аса қауіпті инфекциялардың әкелінуі мен таралуының алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің көліктегі аумақтық бөлімшесінің сайтында және ақпараттық порталдарда экваторлық-тропикалық климаты бар елдерге шығатын туристер үшін инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу туралы ұсыныстар жарияланды.

Өзгелердің жаңалығы