Биыл ШҚО Катонқарағай ауданында 14 тұрғын үй салынады

19 Маусым 2020, 15:33
2261
Бөлісу:
Биыл ШҚО Катонқарағай ауданында 14 тұрғын үй салынады

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарында салынатын тұрғын үйлер көпбалалы отбасыларға беріледі.

Аудан билігі бүгінде іргетасы қаланған үйлерді болашақта ауыл маңындағы жаңа тұрғын ауданға айналдырмақ ниетте. Биыл Катонқарағайда ел тәуелсіздігінің 29 жылында болмаған өзгерістер болып, аудан орталығының іргесінде шағын аудан бой көтеруде. Атап айтсақ, биыл ауданда "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1 млрд 621 млн теңгені құрайтын 22 жоба іске асырылуда. Бұл бағдарлама аясында Үлкен Нарын ауылында 14 жеке және 30 пәтерлі бір тұрғын үй салынады деп көзделуде.

Ауданымызда көп балалы және аз қамтылған отбасылар бар. Олардың барлығын бүгінде құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлермен қамтымақпыз. Қазіргі уақытта 26 көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Жалпы, біз тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды - ІІ Дүниежүзілік соғыс қатысушылары, І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері және аз қамтылған, көпбалалы отбасылар деген үш санатқа бөлгенбіз, – дейді аудан әкімі Ренат Құрмамбаев.
Жауапты тұлғаның айтуынша, биыл аудандағы екі соғыс ардагеріне Жеңіс күні мерекесі қарсаңында пәтер кілттері табысталған екен. Ал кезекте тұрған 26 көпбалалы отбасы жыл соңына дейін құрылысы аяқталатын жаңа тұрғын үйлермен толық қамтамасыз етілмек. Бұдан бөлек, Катонқарағай ауылында алдағы жылы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, қолданысқа беріледі. Құны 700 миллион теңгеден асатын құрылыс биыл басталып, келесі жылы аяқталмақ.
Биыл бұрынғы аудан орталығы болған Катонқарағай ауылында үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын бастаймыз. Бұл нысан облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының тапсырмасына сәйкес қолға алынған жоба. Жалпы сомасы 700 миллион теңгені құрайты нысан сәтін салса, келесі жылы аяқталып, қолданысқа берілетін болады, - дейді Катонқарағай ауданының әкімі Ренат Тілеуханұлы.
Аудан басшысының хабарлауынша, спорттық нысанның ішінде жүзу бассейні, жаттығу залы, сондай-ақ, бокспен, күреспен шұғылдануға және волейбол, шағын футбол ойнауға арналған залдары болатын көрінеді.

 

Өзгелердің жаңалығы