Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Үкімет отырысында елдің газ саласының жайлы есеп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство басшысының сөзінше, елдің газ бойынша транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалану бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
2023 жылы қазанда еліміз арқылы Ресей газын Өзбекстанға транзиттеу басталды. 2023 жылы 1,28 млрд текше метр тасымалданса, биыл аталған көрсеткішті 3,8 млрд текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр, әрі қарай жылына 11 млрд текше метрге дейін ұлғайту көзделген, - деп айтты Сәтқалиев.
Сондай-ақ Түркіменстан мен Өзбекстан газын еліміз арқылы Қытай Халық Республикасына транзиттеу тұрақты өсіп келеді. Биыл транзитті 37,1 млрд текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, Ресей газының Қырғызстанға транзитін арттыру мәселесі талқыланып жатыр.