Бүгін Қазақстанда – Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл күн ел бойынша қалай тойланатынын Мәдениет және ақпарат министрлігінің Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Республика бойынша Рәміздер күні қалай тойланады?
- 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын арнайы комиссияның бекітілген жоспарына сәйкес ұйымдастырылады. Бізде Президент жанында мемлекеттік рәміздер жөнінде комиссия бар. Сондай комиссия барлық өңірлерде бар. Дәл сол өңірлердегі комиссиялар өзінің бақылауына алып, осы күнді жоғары деңгейде атап өтеді. 4 маусым күні сағат таңертеңгі 10-да ең бірінші Мемлекет басшысының қатысуымен дәстүрлі түрде мемлекеттік ту көтеру рәсімі болып, кейін мемлекеттік гимн орындалады. Дәл осы шара барлық өңірде бір уақытта облыс және өңір әкімдерінің қатысуымен өтеді. Кейін республика бойынша Қазақстан Республикасының Патриоттар форумы өтеді. Жылда бұл форумда 12 бағыт бойынша еліміздегі жыл патриоттары марапатталады. Жандарбек Мәлібековтың қатысуымен Еуразия ұлттық университетінде конференция өткізіледі. Жылда Шот Аман Уәлихановтың туған жері Атырау өңірінде конференция өткізіледі. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты тоқтатылып тұр. Ал Жұмекен Нәжімеденовтың туған өлкесінде Жұмекен оқулары өткізіледі. Шәкен Ниязбековтың туған өлкесі Жамбыл облысында Шәкен сурет салу байқауы өткізіледі және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық конференция өткізіледі. Биылдың бір ерекшелігі 4 маусым күні Қарағанды облысында 3 мың адам гимн орындап, Гиннесс рекордтар кітабына енеді деген үміттенеміз. Сондай-ақ Президенттің ең бірінші құрылтай отырысында берілген тапсырмасына сәйкес, Ұлытау облысында Рәміздер алаңы ашылады. Жалпы республика бойынша биыл 7 мыңнан астам іс-шара жоспарланып тұр. Соның ішіндегі ірісі – 300. Қалғандары ұсақ іс-шаралар. Оның ішінде аудандық, ауылдық спорттық шаралар, дебаттар, авто, велошерулер, челлендждер, флешмобтар және акциялар жүргізіледі.
- Рәміздер күнін атап өтудің биылғы ерекшеліктеріне тоқталсаңыз.
- Соңғы екі жылдан бері банктің басшыларына, оның ішінде Kaspi Bank, Halyk Bank-терге арнайы хат жолдаймыз. 4 маусым күні барлық телефон қосымшаларында тудың бейнесін шығару бойынша. Сонымен қатар соңғы 2 жылда байқап жүрген шығарсыздар, республика бойынша Астана қаласынан бастап барлық өңірлерде, орталық алаңдарда, спорттық ғимараттардың алдарында тұрған үлкен ледтарда қазақстандық спортшылардың, өнер, қоғам қайраткерлерінің құттықтаулары мен мемлекеттік рәміздердің бейнелері шығады. Дәл сол күні біздің әуежайда, теміржолда және Халыққа қызмет көрсету орталықтарының экрандарында арнайы құттықтаулар жүргізілетін болады. Былтыр мүмкіндігінше тек акционерлік қоғамдарға хат жолдаған болсақ, биылдан хатты квазимемлекеттік сектордың барлығына жолдап жатырмыз.
- Жалпы Рәміздер күнін тойлаудың маңызы неде?
- Мемлекеттік рәміздерді тойлау деген арнайы қаулы бар. Негізі Рәміздер күнін тойлаудың негізгі маңыздылығы – жастарды патриоттық сезімге шақыру. Патриоттық сезімге тәрбиелей отырып, Отанын, елін сүюге баулимыз, елдің құндылығын, қасиетін түсіндіруді мақсат етеміз. Біз Рәміздер күні деп ту мен елтаңбаны алып жүгірмейміз. Біздің негізгі мақсатымыз патриоттық шара.
- Сіз патриоттық деп жатырсыз, елдің патриоттығы осы елтаңбаны өзгертуге келгенде қатты көрінді. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?
- Шыны керек, елтаңбаны алайық, мемлекеттік гимнді, мемлекеттік туды алайық, қоғам қатты резонансты реакция береді. Ол – қуантарлық жағдай. Оны білетін шығарсыз. 2021 жылы әншілер туды жерге лақтырған кезде қандай резонанс туындады?! Күні кеше Қостанай облысында күн қатты жел болып, ғимараттың алдында тұрған елтаңба желмен ұшып жерге түскен кезде қоғамның реакциясы барлық телеарнаға шығып кетті. Қоғамның мемлекеттік рәміздерге деген осындай реакциясы бізді қуантады. Мен әр кезде айтамын ту менікі емес, елтаңба менікі емес. Ол біздің барлығымыздікі. Сондықтан оны өзгерту, қандай да бір өзгеріс, қосымша талаптар енгізу халықпен шешіліп, жалпыұлттық талқылау жүргізілуі керек. Оны ешкім өздігінен өзгерте алмайды. Елтаңбаны өзгертуге қатысты да халық қарсылық танытты. Өзіңіз білесіз, сол күні әлеуметтік желі арқылы да, біздің министрліктің E-otinish бағдарламасы бойынша да бір күннің ішінде жүзге жақын өтініштер түсті. Мен ананы жазып отырып қуанып отырдым. Өйткені ешкім бейжай қалған жоқ. Келіп түскен өтініштердің ішінде бір отбасының бірнеше мүшелерінен келген өтініштер де болды. Оның өзі тек қана бір азаматтың емес, бүкіл отбасының, сол арқылы қоғамның жанашырлығын көрсетті. Енді бұл жерде мемлекет басшысы оны бірден өзгертем деген жоқ. Ол кісі құрылтайдың комиссия мүшелерінен ұсыныс енгізгенін, оны халыққа шығару міндетті екенін жеткізді. Бірақ халықтың қолдамайтыны бірден көрінді. Өтінішпен де жазды, тікелей де жазды, көтерілді. Сондықтан бүгінгі күні ол тақырып жабылды.