Биыл қажылыққа 3 мың қазақстандық баратын болды

3 Мамыр 2022, 00:41
1346
Бөлісу:
Биыл қажылыққа 3 мың қазақстандық баратын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жылы Сауд Арабиясы Қазақстанға қажылыққа 4527 квота бөлген. Алайда тек үш мың қазақстандық қана қажылық парызын өтеуге барады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұның себебін түсіндірді.

ҚМДБ ақпаратынша, пандемияға дейін Қазақстаннан 10 мың мұсылманға дейін қажылық жасауға мүмкіндік берілген. Алайда екі жыл әлемдік індет салдарынан республикадан ешкім қажылыққа бара алмады.

Биыл Сауд Арабиясы қажылық және ұмра министрлігі әлем елдерінен қажылыққа келетін мұсылмандар санын 45,2%-ке дейін қысқартып, 1 млн адамды ғана қажылыққа шақырды. Сол себепті биыл Қазақстанға 4527-ге дейін қажылық орындарын алуға рұқсат берді. Алайда бірнеше себепке байланысты 2022 жылы конкурстық негізде 14 туроператорға жалпы алғанда 3000 қажылық орны бөлінді, - делінген мүфтият сайтында.

4527 квотадан тек 3 мыңын ғана туроператорларға бөлудің басты себептері:

  • Қазақстанда АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамының күрт өсуі;
  • 2019 жылғы қыркүйекте Сауд Арабия билігі ҚҚС (НДС) мөлшерін 15% дейін өсірді. Бұл қажыларға көрсетілетін қызмет (көлік, тамақ, қонақ үй және тағы басқа) бағасының өсуіне әсер етті;
  • пандемияға дейінгі жылдардағы қажылық маусымында Қазақстан 3 мыңнан аспайтын қажылық орындарын қиындықпен игеретін;
  • Сауд Арабиясы қажылық және ұмра министрлігі бүкіл мемлекетке қажылардың жасы 65-тен аспау керек деп талап қойды. Ал бұл қазақстандық турфирмалар үшін клиенттердің/қажылардың санын толтыруға кері әсерін тигізеді (әдеттегідей қажылардың 35%-ы 65 жастан асқан азаматтардан құралады).

Осы себептерге байланысты туристік фирмалардың дені Қазақстан азаматтары үшін 2022 жылғы қажылық маусымында 3000 қажылық орнын иегере алатынын айтты. Ал үш-төрт туроператор 3500 қажылық орны жететінін мәлімдеген.

Туристік фирмалардың басшылары мен өкілдерінің пікірлері дауысқа салынып, нәтижесінде Сауд Арабиясы королдігінің қажылық және ұмра министрлігінен қазақстандықтар үшін 2022 жылғы қажылық маусымына 3000 қажылық орнын алатын болып шешім қабылданды, – деді ҚМДБ.

Сауд Арабиясының Қазақстанға бөлген қажылық орындары толмай қалған жағдайда, туроператорлар қыруар шығынға ұшырап, Қазақстан қажылық миссиясына айыппұл салынады.

Өзгелердің жаңалығы