Осыдан 30 жыл бұрын, 1995 жылы 30 тамызда Конституциялық референдум өтті және соның нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды.
Жалпы Тәуелсіз Қазақстанның төл Ата заңының тарихы 1993 жылдан басталады. Ал қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, ғалымдар мен саясаткерлердің қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.
Күні бүгінге дейін Конституцияға 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары өзгерістер енгізілді. Ата заңымызға соңғы өзгертулер мен толықтырулар 2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыұлттық референдум арқылы қабылданды. Нәтижесінде Конституцияның 33 бабына бірнеше ондаған өзгеріс енгізілді.
Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар: суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру; елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту және азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру үдерістеріне құқықтық негіз қалыптастыруға арналған.
Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деген еді Мемлекет басшысы.