Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

10 Қараша 2022, 13:52
3055
Бөлісу:
Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Қазақстанда жыл сайын толық метражды фильмдер көптеп шығып жатыр. Саны ғана емес, сапасы да артқан. 2019 жылы кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және отандық киноиндустрияны дамыту үшін жағдай жасау мақсатында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылды. 

Содан бері орталық киножобалар шығаруға конкурстар өткізіп, конкурста жеңіп шыққан жобаларға қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Одан бөлек, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ірі жобалар да қаржыландырылып, көрермен назарына ұсынылып жатыр. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі биыл ұлттық прокатқа шыққан фильмдердің топтамасын оқырман назарына ұсынады.

Схема 

7 сәуірде режиссер Фархат Шәріповтің “Схема” атты фильмі ұлттық прокатқа жол тартты.  

Фильм желісі бойынша 15 жасар мектеп оқушысы Маша ата-анасымен дұрыс сөйлеспейді, қарым-қатынасы нашар. Бір күні ол Рэм деген ұзын бойлы, түрі келісті жігітпен танысады. Ол Машаны жаңа адамдармен таныстырып, сауық кештерге апарып көңілсіз өмірден құтқарғандай болады. Алайда Рэм қыздардың көңілін аулап, жеңіл ақша табуға тартады. Сөйтіп жүргенде Машаның өзі үлкендердің қатыгез ойыны – схеманың бір бөлігіне айналғанын байқамай да қалады.  

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Фархат Шәріпов фильмнің әрі режиссері, әрі сценарий авторы. Бұл туынды режиссердің 2020 жылы шыққан тоқсаныншы жылдардың соңындағы жасөспірімдердің тағдырын, мәселесін бейнелейтін "18 килогерц" фильмінің жалғасы. 

“Схема” фильмі шетелде өткен халықаралық кинофестивальдерге қатысты. Ең үлкен жетістігі 75-ші Берлин халықаралық кинофестивалінің Generation секциясында Гран-приге ие болды. Берлиналеде режиссерге Германияның Азаматтық білім беру федералды агенттігі 7500 евро ақшалай сыйлық табыс етті. 

Паралимпиадашы 

21 сәуірде режиссер Алдияр Байракимовтың режиссерлік дебюті “Паралимпиадашы” фильмі қазақстандық кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Бұл кинотуынды шынайы оқиғаға негізделген. Ел тарихындағы тұңғыш қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы, шаңғысы Александр Колядиннің өмір жолы таспаланған.   

Фильмде шаңғышы Мақсат кішкентайынан Олимпиада тұғырынан көрініп, мойнына алтын медаль тағуды, Қазақстанның көк туын желбіретуді армандайды. Сочи Олимпиадасы қарсаңында ұлттық құрамаға кіріп, айтулы додаға дайындалып жүреді. Бір күні досы екеуі көлікте келе жатқанда оқыстан жол апатына ұшырайды. Досы ауыр апаттан көз жұмады. Ал Мақсат аяғынан айрылып, мүгедек болып қалады. Тағдырдың тәлкегіне түскен жігіт не істерін білмей дал болады. Бір күні далада паралимпиадашылардың жаттығып жүргенін көріп қалады. Сынақтарға мойымай, аяғына протез киіп спортқа қайта оралады.  

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Басты рөлді танымал актер Асқар Ілиясов сомдады. Ол Сочи Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталевадан арнайы сабақ алып, шаңғы тебуді үйренді.  

Режиссер Алдияр Алдияр Байракимов Александр Колядиннің тарихи жеңісінен кейін көркем фильм түсіру туралы идеяға келеді. Түсірілім командасы екі жылдай Қазақстанның Паралимпиада құрамасын зерттеп, бас кейіпкер Мақсаттың жиынтық бейнесін жасап шыққан соң түсірілім жұмыстарын бастайды. Режиссер параспортшылар он екі мүшесі сау спортшылардың көлеңкесінде қалып қоятынын, сондықтан қоғам назарын рухы мықты спортшылар тап болатын кедергілер мен олардың басындағы өзекті мәселелеріне аударуды мақсат еткен. Режиссердің бұл миссиясы орындалды деуге болады, өйткені “Паралимпиадашы” бірнеше апта бойы үлкен экраннан түспеді. Осы фильм үшін кинотеатрға ағылған халық көп болды. Әлеуметтік желілерде, кино туралы сайттарда қарапайым көрермендер жылы лебізін білдіріп, фильмнен алған әсерін бөлісті. 

1941 жылдың жазы 

21 сәуірде Жеңіс күні қарсаңында жазушы, Ұлы Отан соғысында партизан отрядын басқарған Әди Шәріповтің жауынгерлік жолы туралы “1941 жылдың жазы" атты көркем фильм көрерменге жол тартты. Бұл режиссер Бекболат Шекеровтің толықметражды дебюті. Басты рөлді Азамат Нығманов сомдады. Ол осыған дейін бірнеше киноға, соның ішінде соғыс тақырыбындағы ресейлік “28 панфиловшылар” фильміне түскен. 

Тәуелсіздік алғаннан кейән елімізде Ұлы Отан соғысы тақырыбында киножобалар мен сериалдар болғанымен, алғаш рет осындай ауқымда толықметражды көркем фильм түсіріліп отыр.  

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Картинада Беларусь жерін немістер басып алғаннан кейін, партизан отрядын басқарған Әди Шәріповтің майдандағы алғашқы ұрысынан бастап, жарақат алғанға дейінгі кезең бейнеленген. Оқиға фашистер тінтіп, қарапайым халықты қырған ауылдарда, жаудан тығылған қалың орман арасында өрбиді. Фашистер ержүрек, қайтпас қайсар “Саша қазақ” атанған Әди Шәріповті ұстай алмай әбігерге түсіп, үрейін ұшырған жауынкегрдің басын әкелген адамға бәс тігеді.  

Қайсар жазушының туғанына биыл 110 жыл толды. Режиссер “1941 жылдың жазы" фильмі арқылы көрерменге екі ойды жеткізуді мақсат еткен. Біріншісі, қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі, екіншісі, соғыс атаулыға қарсы фильм.    

Әди Шәріпов соғыстан оралған соң жазушылықпен, ағартумен, мемлекеттік қызметпен айналысты. Соғыс туралы "Дала қызы", "Дос құпиясы" романдарын, "Партизан қызы" повесін жазды. 

Ағайынды 

21 сәуірде режиссер Дархан Төлегеновтің “Ағайынды” толықметрлі фильмі ұлттық кинопрокатқа шықты. Бұл фильмде балалар үйінен шыққан Ақжол жаңа өмірге қадам басып, өз бетінше өмір сүріп жүргенде қылмыс әлеміне кіріп, көршісімен бірге адамдарды тонап күн көреді. Бір күні туысымен кездесіп қалып, інісі бар екенін біледі. Ағайынды екеуі танысып, бірге әкелерін іздеуге бел буады.  

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Режиссер мұндай фильмді түсіруге идеяны туған інісі туралы ойлана келе, бір-бірін білмей жүрген бауырлардың кездесуі жайлы ойы себеп болған. 

Басты рөлді елге таныла қоймаған жас актерлер Әлішер Исмаилов пен Айбар Салы сомдады. Германияда өткен Oldenburg International Film Festival кинофестиваліне алғаш рет Қазақстан атынан қатысқан фильм Spirit of Cinema атты қазылар алқасының арнайы сыйлығымен марапатталды.  

Патриоттар уақыты 

28 сәуірде режиссер Серікбол Өтепбергеновнің экшн жанрында түсірген “Патриоттар уақыты” блокбастері кинопрокатқа шықты. Қазақстандықтардың патриоттық рухын көтеруді мақсат еткен кинотуынды Қарулы Күштерде адал қызмет атқарып жүрген ағайынды Сұлтан мен Бекзат Ибраевтардың оқиғасын баяндайды. Бірі - барлаушы, екіншісі - ұшқыш. Олардың әкелері Отан алдында борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан әскери қызметші. Сұлтан мен Бекзаттың арасында түсінбеушілік орын алғанымен, ел мен жер қорғауға келгенде татуласудан басқа амалдары қалмайды.   

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Халықаралық лаңкестік ұйым Қазақстандағы стратегиялық маңызды ғимараттарға шабуыл жасамақ болады. Мұны білген соң Қарулы күштер қызметкерлері бірігеді. 

Фильм Маңғыстауда, Алматы облыстарында, Талдықорғанда, шетелде Әзербайжанның астанасы Бакуде, Түркияның Хатай облысында түсірілген. Режиссер арнайы эффектілерді батыл қолданған.  

Қос бауырды талантты актер Данияр Алшинов пен Санұржан Сүлейменов сомдайды. Көрермен көзайымына айналған Дастен Шәкіров пен Асқар Ілиясов та фильмге түсті. Фильм Қазақстаннан бөлек, Ресейде прокатқа шықты.  

Алға 

28 сәуірде режиссер Ернар Нұрғалиевтің драма жанрында “Алға” атты спорттық фильмі жарық көрді. Ағайынды екі жігіт әкелері қайтыс болғаннан кейін ұрлықпен күн көре бастайды. Бір күні қаладан ауылға таланты жастарды іріктеу мақсатында келген жаттықтырушы екеуін байқап, жаттығуға шақырады. Бауырлар қаншама сынақты бастан өткерсе де, берілмеуге бел буады. Бастан кешкен қайғылы оқиға өмірлерін өзгертеді. Спортпен айналысып жүріп ағайындының бірі марафонға дайындалып, әлем чемпионын жеңуді көздейді.    

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

"Алға" көрерменге мотивация беріп, ерік-жігерін оятатын спорт драмасы деуге болады. Фильм Алматының өзінде, Алматы облысында және "Алтын Емел" ұлттық саябағында түсірілді. Фильмде басты рөлдерді Жандос Айбасов, Ербол Семкулов, Ерік Жолжақсынов сомдады. 

Картина Италияда өтіп жатқан спорттық фильмдерге арналған Paladino d'Oro Sport Film Festival фестиваліне қатысады және әлемдік тұсаукесері сонда өтеді. 

Нартай 

5 мамырда продюсер Гүлнар Сарсенова мен режиссер Вахтанги Хубутияның “Нартай” атты драмасы қазақстандық көрерменге жол тартты. Бұл картина жазушы Владимир Куниннің "Русские на Мариенплац" романының желісі негізінде түсірілді. 

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Оқиғаның негізгі кейіпкері - Нартай Сапарғалиев. Сержант Нартай тоқсаныншы жылдардың басында мінген Т-62 танкісімен Герман демократиялық республикасынан бір-ақ шығады. Жат елдің тілін білмесе де жақын достар тауып, қарапайым адамдарға қол ұшын созады. Мюнхеннің басты алаңы Мариенплацте өнер көрсетіп ақша тауып жүрген цирк артисі Эдикпен достасып, тапқырлығымен ол да өткен-кеткен адамды баурап алады. Фильм аяғында югославиялық иммигранттардың жатақханасын басып алған неофашистік топпен төбелесіп, тұрғындарды құтқарады. Бұл ерлігі Қазақстан президентінің құлағына жетіп, Нартай еліне сағынышпен оралады.  

Халықаралық жоба Қазақстанда және Германияда түсірілді. Нартайды жас та болса талантты актер Шәріпбек Зәкіров сомдады. Ол “1941 жылдың жазы", "Патриоттар уақыты" фильмдеріне де түскен болатын. Ал Гүлнар Сәрсенова белгілі “Моңғол”, “Тюльпан” және “Айка” фильмдерінің продюсері.  

Ақын 

12 мамырда режиссер Дәрежан Өмірбаевтың “Ақын” атты фильмі шағын прокатқа шықты. Бұл фильм талай кинофестивальде жүлде алды. Берлинале бағдарламасына еніп,  “Схемамен” қатар көрсетілді. Дәрежен Өмірбаевқа Халықаралық Токио фестивалінде “Үздік режиссер” сыйлығы берілді. Әлемдік премьерасы да осы Токиода өтті. Дәрежан Өмірбаев фильмнің сценариіне жазушы Герман Гессенің “Авторлық кеш” автографиялық әңгімесі арқау болған. 

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

 

"Ақын" фильмі технологиялар дамыған қазіргі заманда өнердің қоғамда алатын орны туралы ой қозғап, поэзияға сұраныс азайған дәуірде ақынның күйініші туралы сыр шертеді. Қазақ халқының XIX ғасырдағы ең көрнекті ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлының қилы тағдыры жайында ойға батқан басты кейіпкер нәзік жүректі ақындардың өмірі қашан да қиын болғанын түсінеді. 

Фильмдегі басты рөлді ақынды "Жігіттер" тобының әншісі Ердос Қанаев сомдады. 

Маусымда Бразилияда өткен халықаралық Olhar de Cinema кинофестивалінде "Ақын" фильмі "Үздік фильм" атанды. 

Ұлы дала таңы 

12 мамырда танымал режиссер Ақан Сатаевтың Қасым хан туралы “Ұлы дала таңы” атты фильмі ұлттық прокатқа шығып, қалың көрерменге жол тартты. Тарихи фильм Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды.  

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Фильм оқиғалары Қасым хан өмір сүрген XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың 20-жылдарына дейінгі аралықты қамтиды. 1510 жылы Ұлытау шайқасында Қасым хан жеңіске жеткен соң оның ұлылығы, атақ-абыройы күллі Дешті Қыпшаққа тарады. Қасым ханның тұсында қазақ халқының саны 1 миллионнан асқан. Қасым хан кезінде таққа талас болмаған. Қазақстан аумағын батыста Еділге дейін, шығыста Ертіске дейін, оңтүстікте Сырдарияға дейін, Солтүстікте Тобылға дейін жеткізіп, өмірінің соңғы жылдары "Қасым ханның қасқа жолы" атты жаңа заңдар жинағын енгізген.  

Қасым ханның жас кезін Данияр Оразаев, ал егде шағын Берік Айтжанов сомдады.  

Зере 

16 маусымда АҚШ-та оқып келген режиссер Дәурен Қамшыбаевтың дебюті “Зере” фильмі киноэкранға жол тартты. Бұл фильм осыған дейін бірнеше кинфестивальге қатысып жүлде алып үлгерді.   

Басты рөлдерді Адина Бажан, Санұржан Сүлейменов, Мұрат Бисембин, Берік Айтжанов, Ольга Ландина сынды актерлер сомдады. Режиссер локацияны көп іздеген. Жамбыл облысын аралап шығып, Балқаш көлінің маңында, Мойынқұмда орналасқан Тайсойған балықшылар аралын таңдаған.  

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Оқиға табиғаты сұлу балықшылар аралында өтеді. Режиссер Зере атты жас қыздың еркіндікке ұмтылысын баяндайды. Әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы қаржылай қиындықтарды шеше алмай, қызын ауылдағы бай және ықпалды кісіге тұрмысқа беріп, сатпақшы болады. Алайда зере балықшы Талапқа ғашық болып, көрші аралда некелерін қию үшін бірге қашып кетеді.  

Бұл фильмді “Қазақфильм” қолдауымен Qara Production және Libertus Film түсірді. Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен 45-ші халықаралық кинофестивальде көрермендер тамашалап, оң бағасын берді. Биыл қыркүйекте Ресейдің Анапа қаласында өткен Халықаралық «Киношок» фестивалінде фильмнің композиторы Дана Зұлпыхар кинотуындыға арнап жазған саундтрегі үшін "Үздік музыка" сыйлығына ие болды. 

Күнбағыс 

23 маусымда қазақстандық танымал режиссер, продюсер Эля Гильманның жасөспірімдердің мәселесін баяндайтын “Күнбағыс” фильмі Қазақстан көрермендеріне ұсынылды. 

Алматыдағы мектептердің бірінде оқитын жасөспірім Әмірдің білім алуға, пианино үйренуге ынтасы жоқ. Ал ата-анасында кризис, отбасын қалай сақтап қалуды, өздеріне не қажет екенін білмейді. Тіпті, жалғыз ұлына қарайтын шамалары жоқ. Өз басымен қайғы боп жүргенде Әмір мектепте буллинге ұшырайды, өзін мына қоғамнан шеттетілшен адамдай сезінеді. Үйінен мектепке кеттім деп шыққанымен, сабаққа қатыспай компьютер клубында таңнан кешке дейін ойын ойнап уақыт өткізеді. Жасөспірімді әке-шешесі де, мектептегі мұғалімі де құтқармақ болады. Бірақ... Фильм қайғылы оқиғамен аяқталады.  

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Күнбағыс деп аталуы да бекер емес. Баланы күнге, яғни ата-анасына қарап өсетін күнбағысқа теңейді. Күнбағысқа күн көзі түспесе, қалай өседі? Режиссер балаға ең бірінші кезекте ата-ананың махаббаты керек деген ойды жеткізгісі келеді.  

Бұл фильм қаншама халықаралық кинофестивальде үздік деп танылды. Әкесінің рөлін сомдаған Еркебұлан Дайыров Cannes Film Awards  фестивалінде “Азияның ең үздік актері” атанды. Эля Гильман режиссер ретінде бірнеше марапатқа ие болды. 

Хирург 

22 қыркүйекте режиссер Ардақ Әмірқұловтың “Хирург” драмасы прокатқа шықты. 

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Мэлс атты жас дәрігер шағын қаладағы ескі ауруханада хирург. Дәрігерлер Мэлсті кәсіби маман деп біледі, келешегі жоқ жерде жүргенін айтып, қалаға баруды үгіттейді. Томаға-тұйық Хирургтың бірсарынды өмірі бір күні аты белгісіз қызбен жолыққаннан кейін өзгереді. Жұмбақ қыздың өмірі Мэлсті қызықтырғаны сонша, қыздың үйіне барып өзі күтпеген жайттың куәсі болады. Мэлс ауруханадағы кезекшіліктерінің бірінде ауру азабын тартқан науқасқа қателесіп басқа ине салады. Мұның салдарынан науқас көз жұмады. Хирург адам өлтіргенін жұмбақ қызға ғана мойындайды. Мэлсті тергеуге әкетіп, сол жерде өзін толғандырған сұрақтарға жауап іздеп, өз-өзімен арпалысады.  

Фильмде басты рөлдерді Асқар Ілиясов пен Айсұлу Әзімбаева сомдады. 

Дос-Мұқасан  

29 қыркүйекте аты аңызға айналған Дос-Мұқасан ансамблінің 55 жылдығына орай «Aray Media Group» студиясы режиссер Айдын Сахаманмен бірге түсірген биографиялық фильмі үлкен экраннан көрсетіле бастады. Айта кетейік, музыкалық драма көрермен көңілінен шығып, ықыласына бөленгені сонша әліге дейін прокаттан түскен жоқ.  

Бұл биографиялық көркем фильм өткен ғасырдың 70-80 жылдары атағы Қазақстанда ғана емес, шетелде дүркіреп тұрған “Дос-Мұқасан” ансамблінің құрылу тарихын, жүріп өткен жолы мен кездескен қиындықтарын баяндайды. Досым Сүлеевтің баяндауымен өрбитін оқиға желісі концерттерге тыйым салу, аяқтан шалу, партияның сенімсіздігі секілді көрермен біле бермейтін жайттарды ашып салады. Өнер мен ғылымның бірін таңдай алмай әбігерге түскен Досымның тағдыры көрерменді алаңдатпай қоймайды. “Алматы түні”, “Сағындым сені”, “Құдаша” сынды халықтың жадында жатталып , жүрегінен терең орын алған әндер фильмге арқау болған. 

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Бұл фильмді түсіру идеясы атақты Queen тобы жайлы “Богемская рапсодия” фильмі жарық көргеннен кейін келген. Картинаның бас продюсері Айгүл Байбек шығармашылық топпен бірге шетелдік фильмдерді қазақша дубляждап қана қоймай, осындай толық метрлі фильм түсіреміз деп шешікен. Айдын Сахаман шақырылған режиссер болғанына қарамастан, өз міндетін жақсы алып шыққан. Көрермен ескі Алматының, сол кездегі адамдардың келбетіне қарап тамсанары сөзсіз.  

Фильмде “Дос-Мұқасан” ансамблінің негізін қалаған Досым Сүлеевтің өзі кеңесші қызметін атқарған. Ол түсірілім тобына ескі фотосуреттерді, газет үзінділерін, бейнематериалдарды, тіпті өзі киген костюмдерді, ойнаған саксофонын берген. Бұл фильм жайлы көп нәрсе жазуға болады. Біз осыған дейін кинокартинаның тұсаукесеріне барып, түсірілім тобымен және әйгілі ансамбльдің мүшесі Досым Сүлеевпен сұхбаттасқан болатынбыз. Сұхбатты мына жерден оқи аласыздар. 

“Дос-Мұқасан” тобы 1967 жылы Павлодар облысында құрылыс жасағында жүрген Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Александр Литвинов, Хамит Санбаев құрды. Ансамбль сол жігіттердің есімдерінің бастапқы буындарымен аталды. Досым Сүлеевті – Мейірғат Амангелдин, Мұрат Құсайыновты – Мақсат Сәбитов, Қамит Санбаевты – Елдос Шайкенов сомдады. 

Голиаф 

6 қазанда белгілі режиссер, шетелде талай режиссерлік қабілетімен талай марапатқа ие болған Әділхан Ержановтың кезекті туындысы “Голиаф” Қазақстан кинотеатрларына шағын прокатқа шықты. 

“Голиаф” драмасының оқиға желісі ойдан шығарылған Қаратас ауылында өрбиді. Әділхан Ержанов осыған дейін де бірнеше фильмін осы маңда түсірген. Режиссердің сценарий жазуға екі жыл уақыты кеткен. Бірнеше рет түзету енгізген.  

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Қаратас тұрғындары қылмыс әлемінде аты шыққан Пошаевтың езгісінде өмір сүреді. Ол ауылдастарына үй мен жұмыс берсе де, өзіне қарсы келгендерді аяусыз өлтіреді. Арзу есімді кедейдің әйелі Каринаны Пошаев өлтірген соң, Арзудың отбасы астан-кестен болады. Пошаев Арзуды қол астына алғанымен, құрбан болған әйелінің өлімі кездейсоқ емес екеніне сеніп, Пошаевтың Қаратастағы бассыздығы жайлы полицияға хабар береді.  

Арзуды танымал актер Берік Атйжанов сомдады. Ал Пошаевты Әділхан Ержановтың бірнеше фильмінде басты рөлде ойнаған Данияр Алшынов алып шықты. Қос актер де 79-шы Венеция кинофестивалінде тәуелсіз киносыншылардың арнайы – Premio bisato d'oro 2022 The Best Actors prize сыйлығымен марапатталды. Фильмнің әлемдік премьерасы да Венецияда өтті.   

От 

20 қазанда осыған дейін қысқаметражды фильмдерімен танылған режиссер Айжан Қасымбектің “От” атты әлеуметтік драмасы ұлттық прокатқа шықты. Әлемдік премьерасы Пусандағы халықаралық кинофестивальде өтті. Одан кейін Германия мен Сингапурде де көрсетілді. 

“От” фильмі Алматыда жалдамалы пәтерде тұратын, адамдардан қарыз алып, одан қалды банктен несие алып айлықтан айлыққа өмір сүретін қарапайым отбасының күнделікті өмірін көрсетеді. Отбасын асырап отырған әкесі нан зауытында жұмыс істеп, күнде көлігімен дүкендерге нан тасиды. Бір күні жасөспірім қызының аяғы ауыр екенін естіп, әйелі екеуі абдырап қалады. Досына барып сыр шерткенде досы талып қалып, оқыс оқиғаға тап болады. Алдынан қаншама қиындық шықса да адамдықтан аттамай, өмірден бас тартпайды. Сәтсіздіктерден кейін мойымай, өмір сүруге деген құлшынысы оянып, жанарында от пайда болады. 

Биыл қандай қазақстандық фильмдер жарық көрді?

Режиссер Айжан Қасымбек қарапайым адамдардың боямасыз өмірін көрсетіп, мұндай өмірден ешкім ұялмауы керек деген ойды жеткізгісі келеді. Отбасындағы қамқорлық, қолдаудың маңызды екенін еске салады. 

Басты рөлді танымал актер Төлепберген Байсақалов сомдады. Ол осы рөлі үшін оныншы Russian British Sochi International Film Festival & Awards 2021 және Лос-Анджелестегі Asian World Film Festival-де екі жүлде жеңіп алды. Ал Минскіде өткен халықаралық "Лістапад" кинобайқауында картина "Үздік режиссер" және "Үздік музыка" номинациялары бойынша жүлдеге ие болды. 

Өзгелердің жаңалығы