Биыл педагогика мамандығына тапсырушылар саны артқан

24 Тамыз 2020, 09:58
2414
Бөлісу:
Биыл педагогика мамандығына тапсырушылар саны артқан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы педагогика мамандығын таңдаушылар саны артқан.

Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тахир Балықбаевтың айтуынша, биыл педагогика мамандығын таңдаған жастар саны көп. 

Былтыр 1400 грант иегері біздің университетке тапсырған. Қазір олардың саны 2200-ден асып кетті, яғни 1,5 есеге артқан. Бұның бәрі педагогика мамандығына қызығушылық артқанын көрсетеді. Бір жылда бәрі түбегейлі өзгеріп кетпеуі мүмкін, алайда қазірдің өзінде осы үрдіс қуантып отыр, - дейді ректор.  
Сонымен қатар, ол педагог болам деген жастардың ынтасы жоғары екенін және бұл мамандыққа деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді.  
Осыдан екі жыл бұрын 2018 жылы мектепті Алтын белгімен бітірген 77 бала бізге келген. Былтыр 316 бала тапсырды, соның ішінде 220-сы педагогика мамандығын таңдаған. Бұрын Алтын белгімен бітіретіндер қаржы, заңгер сияқты мамандықтарды таңдаса, енді педагогикаға тапсыруда. Жастар ақырындап түсініп келе жатыр, ұстаз және дәрігерлік бұл мәңгілік мамандықтар, ешқашан өзектілігін жоймайды. Оның үстіне  «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, мемлекет тарапынан ұстаздарға жағдай жасалуда, - дейді ол. 
Ректор студенттер саны көбейген сайын оларды жатақханамен қамтамасыз ету жағы да үлкен мәселенің бірі екенін айтты. 
Қазір біз 370 адамға арналған жаңға жатақхананың құрылысын бастадық. Оған инвесторлар тауып, солармен бірге салып жатырмыз. Ол қаладағы Спартак стадионының жанында орналасқан. Оның құрылысы келесі жылдың соңына дейін біту керек. Одан бөлек өзіміздің 3 жатақханамыз бар, олар ескірді. Алдағы уақытта инвестор тауып, солардың орнына жаңасын салсақ па деген ойымыз бар, - деді Тахир Балықбаев.

Өзгелердің жаңалығы