Биыл Павлодар облысына оңтүстік өңірлерден 2800 адам көшіп келеді деп күтілуде

1 Наурыз 2022, 16:18
1414
Бөлісу:
Биыл Павлодар облысына оңтүстік өңірлерден 2800 адам көшіп келеді деп күтілуде

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Павлодар облысына 2800 адам, яғни, 700 отбасы көшіп келеді деп күтілуде. 

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Өтешовтің хабарлауынша, «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері  өңірге 1952 отбасы, яғни, 9200-ден астам азамат қоныс аударған. Мемлекеттіа бағдарлама жыл сайын 100% орындалып келеді.

Оңтүстік өңірлердің тұрғындары көбінесе Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалаларына көшіп келеді. Сонымен қатар, Железин, Павлодар, Успен, Шарбақты және Аққулы аудандарын таңдайды. Биыл 700 отбасыны қабылдамақпыз. Осыған байланысты Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жұмыс сапарымен барып келдік. Облыстың еңбек нарығына қажет мамандар бойынша ақпарат жинадық. Делегация құрамында кадр тапшылығы бар кәсіпорын өкілдері де болды. Түркістан облысының 14 ауданын аралап, 1700-ден астам азаматпен кездесу өткіздік. Нәтижесінде 310 адам көшім келуге ниет білдірді, - дейді Мейрам Өтешов. 

Сала мамандарының айтуынша, бағдарлама қатысушыларына тұрғын үймен қамту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысу сияқты қолдау шаралары қарастырылған. Мамандардың дені білім беру, ауыл шаруашылығы, денсаулық салаларында еңбек етуге келеді. Былтыр 35 АЕК көлемінде субсидия бөленсе, осы жылы көрсеткіш екі есеге артты. Бір отбасы мүшесіне 214 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, баспананы жалға алу бойынша субсидия бөлінеді.

Облыстың денсаулық саласына 400-ден астам маман қажеттілігі бар. Әзірге кездесулер нәтижесінде мамандар табылмады. Саладағы кадр тапшылығы өткір. Мақсат - мәселені шешуге атсалысу, - дейді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетерлігі, көшіп келгендердің қатарында аймаққа бейімделе алмай, облыстарына қайта оралған азаматтар бар, Мәселен, квота бөлінгендердің ішіндегі 356 адам райынан қайтқан. Олардың басым бөлігі - жастар. Көшіп кетуге білім алуларын жалғастыру, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына кету түрткі болған. Ал отбасылары Павлодар облысында еңбек етіп жатыр. 

 

Өзгелердің жаңалығы