Биыл Қарағанды облысында 3 мыңға жуық үйге газ беріледі

3 Қыркүйек 2020, 22:50
1256
Бөлісу:
Биыл Қарағанды облысында 3 мыңға жуық үйге газ беріледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек биыл Жезқазған, Қарағанды және Теміртау қалаларында орналасқан тұрғын үйлер алғаш рет орталықтандырылған газбен жабдықтауға қосылатынын айтты.

Осы күзде облысымыздың Жезқазған, Қарағанды және Теміртау қалаларында орналасқан тұрғын үйлер алғаш рет орталықтандырылған газбен жабдықтауға қосылады. Бұл аймағымыз үшін маңызды оқиға. Алғашқы газ тарату кешені Талап кенті мен Жезқазған қаласының Пристанционный кварталында орналасқан 550 үйді, сондай-ақ Қарағандыдағы Михайловка ауданының жеке секторында орналасқан 1865 үй мен ұйымдарды газдандыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда газ тарату желілерінің құрылыс жұмыстары 80% орындалған. Сонымен қатар Теміртау қаласы бойынша 506 үй газдандырылады - деді әкім.

Оның сөзіне қарағанда газ желісі пайдалануға енгізілгеннен кейін облыс аумағында құрылатын "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ филиалына беріледі. 

Өз кезегінде аталған ұйым әр қалада газ желісіне қосылуға және тиісті техникалық шарттарды беруге өтінімдерді қабылдау үшін филиалдарды ашады. Атап өтетін маңызды мәселенің бірі газ отынының түпкілікті бағасы нысан пайдалануға берілгеннен кейін белгіленеді. Қазіргі уақытта бұл мәселе ҚР Ұлттық экономика министрлігінде қарастырылуда. Сонымен қатар қазіргі таңда Жаңаарқа, Осакаров, Бұқар жырау, Шет аудандарында және Шахтинск қаласында автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысына қажетті жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде - дейді Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ, жыл соңына дейін Саран қаласы, Ақтас және Дубовка кенттерін газдандырудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталады. 

Аталған елді-мекендер "Қарағанды" автоматтандырылған газ тарату станциясына қосылатын болады. Бұл жобалар бойынша құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. "Сарыарқа" жобасын іске асыру көмір отынымен жылытуды біртіндеп азайтуға мүмкіндік беріп, Президентіміз атап өткендей көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға бағытталған терең декарбонизацияға негіз қалайтын болады - дейді аймақ басшысы.
Өзгелердің жаңалығы