Биыл мемқызметкерлер тапсыруға тиіс декларация тізімі шықты

13 Қаңтар 2021, 22:22
2093
Бөлісу:
Биыл мемқызметкерлер тапсыруға тиіс декларация тізімі шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл елімізде жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңі басталады. Осыған орай ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мемлекеттік қызметшілердің осы жылы қандай декларацияны тапсыруы керектігін түсіндірді.

Жалпыға бірдей салықтық декларациялау енгізілгенге дейін мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, олардың жұбайлары жыл сайын мемлекеттік кірістер органдарына 230.00 нысаны бойынша табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды табыс ететін.

Алайда, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап табыстары мен мүлкі туралы декларацияны (230.00-нысан) ұсыну бойынша талаптар тоқтатылды.

Бұл 2021 жылы аталған тұлғалардың 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша активтері мен міндеттемелерін көрсете отырып, 250.00-нысандағы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну міндеттемесінің туындауына байланысты.

Декларация тұрғылықты жері (келу орны) бойынша:

- қағаз нұсқада тапсырылған жағдайда – 2021 жылғы 15 шілдеден кешіктірмей;

- электронды түрде тапсырылған жағдайда – 2021 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірілмей тапсырылуы тиіс.

2020 жылы мүліктік табысты, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден табысты және Салық кодексінің 363-бабында көзделген өзге де кірістерді алған жағдайда аталған тұлғалар орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) табыс ететінін ескеру қажет. Бұл декларацияны тапсыру мерзімі - 2021 жылғы 31 наурыз. 2022 жылдан бастап мұндай кірістер 270.00- нысандағы декларацияда көрсетіледі.

Егер жеке тұлға қателесіп, 2020 жылға арналған 230.00-нысандағы декларацияны тапсырса, онда мұндай декларацияны кері қайтарып алсын. Еске сала кетейік, биыл елімізде жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңі басталады - деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Салық Кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды төрт кезеңмен жүзеге асыру қарастырылған.

Бірінші кезеңде (2021 жылғы 1 қаңтардан бастап):

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары;

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары;

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табыс ету міндеті жүктелген адамдар декларация тапсыруға міндетті.

Өзгелердің жаңалығы