Биыл соңғы қоңырау соғыла ма? Бұл сұраққа Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл оқу мерзімі 31 мамырда аяқталады. 30 мамыр – соңғы оқу күні. Бұл күні барлық мектепте әдеттегідей сабақ кестесіне сәйкес оқу сабақтары жүргізіледі. Оқу сабақтарының соңында әр сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағаттарының сценарийлерін мұғалімдер әр сыныптың жас ерекшеліктерін пайдалана отырып, дербес анықтайды, - деді вице-министр.
Айтуынша, сынып сағаттарының негізгі мақсаты - сынып үшін оқу жылын қорытындылау және алдағы уақытта ұзақ мерзімді 90 күнге созылатын жазғы демалыс кезеңіне бағдарлама беру.
Дәстүр бойынша бұл сынып сағаттары жылда өткізіледі. Мұғалімдер сынып сағаттарында оқу үшін жазғы уақытқа әдебиеттер, фильмдер тізімін ұсынады. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын айтады.
Сонымен қатар сынып сағаттарының маңызды мазмұнды бөлігінің бір бөлігі – бұл патриотизм, отанды сүю, достық, татулық, ел тарихын құрметтеу тақырыптары. Саяси репрессия мен аштық құрбандарын еске алу, олардың есімдерін құрмет тұту бойынша тақырыптарды талқылайды, - деп түсіндірді Каринова.
Оқу-ағарту министрлігі өкілі мектептерде салтанатты іс-шараларды өткізу мәселесіне тоқталды.
Бұл жерде әр мектеп салтанатты линейка өткізу сұрақтарын, соңғы қоңырауды өткізу туралы шешімдерді дербес қабылдайды. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңырау өткізуге қатысты мектептердің осыған дейінгі бар дәстүрлерін қолдайды. Дегенмен министрліктің нормативтік құжаттарында осыған дейінгі жылдарда да, қазіргі уақытта да мұндай іс-шараларды өткізу көрсетілмеген. Соңғы қоңырау өткізілген жағдайда министрлік бұл іс-шараны 1 маусым күні – Балаларды қорғау күніне орайластырып өткізуді ұсынды, - деп айтты Шолпан Каринова.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде биыл мектептерде соңғы қоңырау болмайтыны айтылып, біраз талқыға түскен болатын.