Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.
Ауыз сумен қамтамасыз ету Маңғыстау өңірінде де өзекті болып отыр.
Облыстың дамуы және халық саны өсу қарқынының жоғары болуымен суға деген сұраныс барған сайын артып келеді. Қазіргі уақытта өңірді ауыз сумен қамтуда тәулігіне – 51 мың текше метр суға тапшылық бар. Су тапшылығы негізінен жаз мезгілінде орын алады. Президент Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету міндетін қойды. Тапсырманы орындау бағытында өңірдегі ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұщыту қуаты 286 мың текше метрді құрайтын 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, - деді облыс басшысы.
Айтуынша, Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұщыту зауыты іске қосылады.
Нәтижесінде «Астрахан-Маңғыстау» су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауыз суды өңірде қалдыруға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін жеткізудің 2-кезеңі жүргізілуде. Осы жазғы маусымда су тұщыту қондырғысының 5 мың текше метрі қолданысқа беріледі. Бұған қоса, биыл «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» компаниясы аумағында өнімділігі тәулігіне 24мың текше метр, Ақтау қаласында жеке инвестор есебінен тәулігіне 20 мың текше метр және Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр су тұщыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады, - деп отыр Нұрлан Ноғаев.