Биыл магистратура бойынша 10 мыңнан астам үміткер грант иегерлері атанды

7 Қыркүйек 2020, 15:37
1892
Бөлісу:
Биыл магистратура бойынша 10 мыңнан астам үміткер грант иегерлері атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы онлайн брифинг кезінде ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты.

Биыл кешенді тестілеу 17 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында өтті. Оны алғаш рет электрондық, компьютерлік форматта өткіздік. Кешенді тестілеу барысында алынған балдар негізінде конкурс өткізілді. Кешенді тестілеуге өтініш білдірушілер саны – 38 199 адам болды. Олардың қатысқаны 34 746 талапкер. Осы талапкерлер арасынан 13 051 үміткер мемлекеттік білім беру грантын тағайындау бойынша конкурсқа қатысу мүмкіндігіне ие болды. Демек, олар 75 және одан да көп балды жинады. 5 қыркүйекке дейін конкурсқа өтініштерді қабылдау жүргізілді. Гранттарды тағайындау конкурсына 12 179 адам өтініш білдірді. Конкурс 2 күннің ішінде жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша комиссияның шешімі негізінде 10 202 грант иегерлері атанды. Оның ішінде 128 үміткер бейімді магистратура гранты негізінде білім алуға ие болды, - деді Әділет Тойбаев.

Бағыт бойынша:

- Педагогика ғылымдары бойынша 3 267 грант; 
- Өнер және гуманитарлық ғылымдар бойынша 570 грант;
- Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат бағыты бойынша 401 грант;
- Бизнес басқару және құқық саласы бойынша 825 грант;
- Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыты бойынша 963 грант;
- Ақпараттық коммуникация технологиялары бойынша 1 170 грант;
- Инженерлік өңдеу және құрылыс материалдары бойынша 2 250 грант;
- Ауылшаруашылығы және био ресурстар бойынша 204 грант;
- Ветеринария бойынша 72;
- Денсаулық сақтау бойынша 115 грант;
- Қызмет көрсету саласы бойынша 237 грант тағайындалды.

Ең жоғарғы конкурс шет тілі педагогтарын даярлау бағыты бойынша өткен. Оған өту балы 134 болды. Ал ең төменгі конкурс ветеринария бағыты бойынша өтті, - деді департамент директоры.

Оның айтуынша, конкурстық комиссия екі сағат бұрын жұмысын аяқтады. Енді нәтижелер бүгін ресми сайттарда жарияланатын болады. 

Өзгелердің жаңалығы