Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ тілшісі. Маңғыстау облысында республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жаңартылуы қызу жүргізіліп жатыр.
Облыста жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 92%-ды құрап отыр. Қайта құрылымдау жұмыстары 191,5 шақырымға жасалмақ. 218,8 шақырым жолға орташа жөндеу өткізіледі. Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын "Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы" автожолы күрделі жөндеуден өтіп, бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Ал, екінші кезеңі 2020 жылдың сәуір айында аяқталады - деді облыс әкімі өзінің есеп беру баспасөз мәслихатында.
Оның айтуына қарағанда, қазір "Жетібай-Жаңаөзен-Түркменістан шекарасы" автомобиль жолының құрылысы жүргізіліп жатыр.
73 шақырымды құрайтын жолдың құны 14,9 млрд теңге. Облыстық және жергілікті маңыздағы "Ақтау-Қаламқас" және "Таушық-Шетпе" автомобиль жолындағы жасанды имараттарды қайта жаңартуға 872 миллион теңге бөлінді. Маңғыстаудағы киелі жерлерге баратын "Ата жолы" автожолы да қайта жаңаруда. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 90%-ы орындалды. Құрық ауылынан теңіз портына дейінгі 22 шақырым жол да аяқталады - дейді әкім.
Сондай-ақ, өңір басшысы "Жыңғылды-Шайыр-Шеркала мекені" 29,5 шақырым жолы, "Шетпе-Қызан" автомобиль жолын қайта құрылымдау 49-85 шақырым учаскесі және т.б. жолдар жаңартылып жатқанын айтты.
Аймақта автожолдарының жалпы ұзындығы - 2846,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңыздағы – 1049 шақырым болса, облыстық және жергілікті маңыздағы – 1 797,1 шақырым, - дейді облыс әкімі.