Биыл Қостанай қаласында 37 көше жөнделеді

4 Наурыз 2021, 11:37
1360
Бөлісу:
Биыл Қостанай қаласында 37 көше жөнделеді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылы Қостанай қаласындада 37 көше жөнделеді. Жалпы ұзындығы – шамамен 19 шақырым. Жөндеу жұмыстарына жергілікті қазынадан 1,4 млрд теңге қарастырылып отыр.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 2019 жылы облыс орталығында ұзындығы 32 шақырым болатын 56 көше ретке келтірілген еді. Оған бюджеттен 4,2 млрд теңге жұмсалды. 2020 жылы қаржыландыру көлемі 6,8 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Мердігерлер облыс орталығының 43 шақырым жолын немесе 42 көшені жөндеді. 

Осылайша, бүгінде Қостанайда жолдардың 93,4% немесе 379,1 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бұл туралы қала әкімі Қайрат Ахметов айтты. 

Қалған 7%, яғни 26,7 шақырым жол жөндеуді қажет етіп тұр. Биыл соның 19,3 шақырымы жөнделеді. Жұмыстың сапасы, нәтижелі болмағы біздің назарымызда болады, - деді қала басшысы. 

Сондай-ақ Фролов, Маяковский, Тобольская, Әбілсай, Нариман, Абай көшелерінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірлену үстінде. Тобыл жағалауы саябағына кіреберіс жолдар да дұрысталады. 

Сьянов (Гоголь көшесі-Рабочая көшесі шекарасында) және Алтынсарин көшелерінде (Павлов көшесі-Баймағамбетов көшесі шекарасында) былтыр басталған қайта жаңарту жұмыстары осы жылы аяқталады.
Көше жолдарын орташа жөндеу жұмыстары ресайклинг тәсілімен жүргізіледі.

Өзгелердің жаңалығы