Іле Алатау ұлттық табиғи паркі – Алматы маңындағы ең танымал демалыс бағыттарының бірі. Былтыр бұл жерге 800 мыңнан астам турист келген. Ал биылдың алғашқы жеті айында 500 мыңнан аса адам табиғат аясында тынығып үлгерген. Туристер ағыны жылдан-жылға көбейіп келеді, алайда олардың талабына сай инфрақұрылым әлі де жетіспей жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Мегаполистен қашық емес орналасуы Іле Алатауын ерекше тартымды етеді – Алматыда күнделікті күйбеңнен шаршаған тұрғындар бір сағат ішінде тауға жетіп, таза ауада демала алады. Бірақ жайлы демалыс тек табиғатпен ғана шектелмейді: турист сапалы қызмет пен заманауи жағдай күтеді.
Осыны ескерген Іле Алатау ұлттық паркі бірнеше жаңа қадамға барып отыр. Қазір төрт бақылау-өткізу бекеті автоматтандырылып, жаяу жүргіншілер мен автокөліктер онлайн төлем арқылы кедергісіз өте алады. Жиналған қаражат қоқыс тазалау мен туристік бағыттарды абаттандыруға жұмсалады.
Тарифтер 2023 жылы бекітілген және жыл сайын өзгеріп отырады – ол айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты есептеледі. Соңғы жылдары келуші көліктер саны да тұрақты өсуде.
Алайда ең көп баратын нысандардың бірі – Үлкен Алматы көліне апаратын жол бүгінде жабық. Себебі жолдың тозығы жетіп, қауіп деңгейі артқан. Қазір бұл жол учаскесі «ҚазАвтоЖол»-дан Алматы әкімдігінің балансына берілген. Келер жылы күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ.
Тағы бір маңызды мәселе – жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым. Үлкен Алматы көліне жаяу жетуге мүмкіндік беретін арнайы жол болмаған. Енді биылдан бастап 16 шақырымдық туристік соқпақтың 1,5 шақырымы абаттандырылмақ.
Бүгінде Іле Алатау ұлттық паркі аумағында 46 ресми туристік маршрут бар. Алматы қаласы әкімдігімен арадағы меморандум аясында 11 соқпақты ретке келтіру, 3 бұлақ көзін қалпына келтіру және 3 кемпинг аумағын дамыту жұмыстары басталған. Бұған қоса, жеке инвестиция есебінен Алма-Арасан мен Терра алаңы арасында 15 шақырымдық жаяу жол салынуда.
Туристік ағыммен бірге талап та артып келеді. Табиғатты аялап, қорғау – басты міндет. Ұлттық парктің аумағында 2 мыңға жуық өсімдік түрі бар, оның ішінде 37-сі Қызыл кітапқа енген. Жануарлар әлемі де бай, сирек кездесетін түрлерді қамтиды.
Биыл шілдеде жауын-шашынның болмауы салдарынан таулы өңірде өрт қаупі артқан. Ұлттық парктің шетінде жеті өрт тіркеліп, бес өрт сөндіру стансасы құрылды. Ал 2026 жылға дейін орман өртіне қарсы алыстан бақылайтын арнайы құрылғылар орнату жоспарланып отыр.