Биыл елорданың 92 мыңнан астам тұрғыны газбен қамтылады

24 Мамыр 2022, 14:35
1231
Бөлісу:
Биыл елорданың 92 мыңнан астам  тұрғыны газбен қамтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.  

Оның айтуынша, бүгінгі таңда елорда мен Қарағанды облысының әкімдіктері газ тарату желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бірінші және екінші кезектің екі іске қосу кешенінің құрылысы аяқталып, «Көктал-1,2», «Агрогородок», «Железнодорожный», «Промышленный», «Күйгенжар», «Мичурино», «Интернациональный» тұрғын алабы, Оңтүстік-Шығыс оң және сол жақтарында, Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігіне газ жіберу қамтамасыз етілді. Нәтижесінде 14 мыңнан астам абонент немесе 191 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізді, - деп атап өтті ведомство басшысы. 

Сонымен қатар ол биыл астана маңында тұратын халықты газбен қамту үшін қазынадан қаражат бөлінгенін алға тартты. 

Биыл республикалық бюджеттен халық саны шамамен 92 мың адам болатын Тельман, Пригородный, Фэмили Вилладж, Гарден Вилладж, Ильинка, Қараөткел, Шұбар, Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптарына жеткізу желілерін салуды көздейтін 2, 3-кезектің құрылысы бойынша жобаларды іске асыруға 23 млрд теңге қаржы бөлінді, - деді министр Ақшолақов. 

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан әкімдігі газ тарату желілерін салу жөніндегі жобаларды әзірлеуді қатар жасап жатқанын айта кеткен жөн. 

Аймақтарға тоқталар болсақ, Қарағанды облысын газдандыру бойынша Қарағанды облысының әкімдігі Қарағанды, Жезқазған, Теміртау қалаларының бірінші іске қосу кешендерін іске асыруды аяқтады, нәтижесінде шамамен 2,7 мың абонент немесе 8,1 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Сондай-ақ, әкімдік Шет, Бұқар Жырау аудандары мен Жәйрем кентін газдандыру жобаларын әзірлеуге кірісті. 

Өзгелердің жаңалығы