Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалалық Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен Instagram-дағы парақшасында ел астанасында жаңа амфитеатр ашылатынын мәлім етті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Биыл қала тұрғындарының өтініші бойынша Президенттік саябақта жаңа амфитеатр пайда болады. Амфитеатр би қойылымдарын, спектакльдерді, концерттерді және ашық аспан астында түрлі қалалық іс-шараларды өткізуге арналған алаң болады, - деп жазды орталық басшысы.
Ол өз сөзінде каскадты қадамдар жүйесін қолданыстағы рельефке біріктіруді жоспарланып отырғанын мәлім етті.
Сахна алаңы көше билерін өткізуге арналатын болады. Бізде би студияларымен және Чирлидинг федерациясымен келісім бар. Олар би үйірмелері мен жарыстарға арналған алаңды пайдалана алады. Бұл жоба тұрғындарымыздың сезімін, ішкі толғанысын білдіре алатын, сол сияқты өзара әлеуметтік қарым-қатынасын нығайта алатын орынға айналады деп сенеміз, - дейді Елнар Базыкен.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов биыл елордада жұрт қызығарлық жаңа орындар ашылатынын мәлім еткен болатын.
Сонымен қатар қаланы абаттандыру биыл да жалғасатынын жеткізді.
Алтай Көлгінов өз сөзінде «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында қаланы бірлесіп дамыту және жайлы ету үшін BIRGE (BIRGE) сайты іске қосылғанын, ол жерде елордалықтар түрлі бағыттар бойынша ұсыныстары мен көзқарастарын білдіре алатынын атап өткен.