Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов "Астана" телеарнасында өткен тікелей эфир барысында 2020 жылы "Сарыарқа" газ құбырынан қандай аудандарға табиғи газ тартылатынын айтты.
Осы жылы жеке сектордан Көктал-1, Көктал-2 және Агроқалашық тұрғын алабына газдандыру жұмыстары жүргізіледі. Алматы ауданы бойынша Темір жол және Силикат тұрғын алабы. Оңтүстік-Шығысқа газ тарту келесі жылға жоспарланған, бірақ біз кестеден оза, кей жерлердегі үйлердің бір бөлігін биыл газдандырамыз деп отырмыз. Осы жылы ЖЭО-1 және ЖЭО-2 энергия тасымалдаушыларына да газ тартылмақ. Яғни, орталық жылумен қамтамасыз ету енді газ арқылы жүзеге асырылады, - деді Көлгінов.
Оның айтуынша, әкімдік барлық көшелер бойынша жеке секторға кварталішілік құбырларды жеткізетін болады.
Көлгінов газдандыру экологияны жақсартуға көмектесетінін, мамандардың мәліметінше, Нұр-Сұлтанда газдандырудан зиянды шығарындылар саны 40 мың тоннаға азаятынын айтты.
Біз тікелей қақпаға дейін орнатып береміз, ал үйдің ішіне өткізуге құқығымыз жоқ, себебі, бұл жеке меншік. Бірақ біз газ есептегішін орнатамыз, бұл тұрғындар үшін де жақсы қолдау болмақ. Жеке секторға техникалық шарттар беретін штабтар ашылды. Мұнда тұрғындар өздері келіп, техникалық шарттарды алуы керек. Ол жерде газ жеткізумен қамтамасыз ететін жеке лицензияланған кәсіпорындар да бар, "ҚазТрансГаз Аймақ" та бар. Мұндай жұмыстармен айналысуы керек, - деді әкім.