Биыл еліміздегі жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты

14 Шілде 2020, 19:30
1814
Бөлісу:
Биыл еліміздегі жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 8%-ға өсті, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. 

Тоқыма бұйымдарының өндірісі 8,4% - ға, былғары өнімдері 6,6% - ға және киім өндірісінде 2,1% - ға өсім байқалады. Саладағы оң нәтиже мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сыртқы киім, бас киім, шұлық бұйымдары мен аяқ киім өндірісінің ұлғаюы есебінен орын алды.

Жалпы алғанда, көбіне отандық өндірушілер қорғаныс саласы мен арнайы киімдер тапсырысын орындауда. Осылайша өндіріс ошағында шығарылатын өнім сұранысқа ие болып, кепілді сатылымды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы тұрғындарды бетперделермен қамтамасыз ету мақсатында өндіріске 70-тен астам тігін кәсіпорындары қосылды: "Dalatex" ЖШС (Қызылорда қ.), "Большевичка" ЖШС (Қостанай қ.), "Эко-Фарм" ЖШС (Шымкент қ.), "Ас Фарм" ЖШС (ШҚО), "Тыныс" АҚ (Көкшетау қ.), "Қазлегпром" ЖШС (Алматы қ.), "Жанарыс" ЖШС (Маңғыстау обл.) және т.б. Олар тәулігіне дәке мен бөзден 700 мың бетперде шығарады.

Тігін кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында "Azala Textile" ЖШС дәке шығаратын 9 станок іске қосылды, шығару көлемін 8 есеге 1,2 мың қ.м. - ден тәулігіне 10,0 мың қ. м. - ге дейін арттырды. Өндірістік цикл мемлекетаралық стандартқа сәйкес жолға қойылған. Сондай-ақ, кәсіпорын тығыздығы төмен тазартылған мақта матасын шығарады.

Өзгелердің жаңалығы