Биыл елімізде егіс алқаптарының көлемі ұлғайтылды

25 Мамыр 2022, 13:34
1447
Бөлісу:
Биыл елімізде егіс алқаптарының көлемі ұлғайтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек мәлімдеді. 

Әкімдіктердің деректеріне сәйкес 2022 жылға арналған егіс алқаптарының болжамды құрылымы қалыптасты. Жалпы егіс алаңы 23,1 млн гектарды құрайды. Бұл 2021 жылдың көрсеткішінен 105 мың гектарға артық. Жем-шөп дақылдарының алқабы едәуір ұлғайтылып, 3,6 млн гектарды құрады. Сондай-ақ картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеуметтік дақылдар алқабы ұлғайтылды, - деп атап өтті ведомство өкілі. 

Оның айтуынша, биыл көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында министрлік бірнеше рет облыс әкімдіктерімен кеңестер өткізген.

Егіс жұмыстарын жүргізуге, АШТӨ-ні тұқыммен, агрохимиямен, техникамен қамтамасыз етуге, қаржыландыруға байланысты барлық мәселелерді үйлестіру мақсатында республикалық жедел штаб құрылды. Оның құрамына барлық мүдделі органдар мен ұйымдар, сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары енгізілді. Штаб отырысы апта сайын өткізіледі, - деді вице-министр. 

Өзгелердің жаңалығы