Биыл елімізде 5,7 мың шақырым жол ақылы болады
15 Мамыр 2020, 21:18 889

Биыл елімізде 5,7 мың шақырым жол ақылы болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда жалпы ұзындығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол учаскесі бар. Төлем алу пункттеріне Франция, АҚШ және Ресейде жасалған терминалдар орнатылған.

"Нұр-Сұлтан–Шучье" ақылы автожолында 2 төлем алу пункті бар. 6 GEA терминалы орнатылған. "Нұр-Сұлтан–Теміртау" тасжолының 2 пунктінде 8 IDC терминалы және "Алматы–Қапшағай" жолының 1 пунктінде 12 терминал, "Алматы–Қорғас" учаскесінің екі пунктінде 8 Штрих-М терминалы бар.

Терминалдар ақылы жолға кіретін және шығатын учаскелерінің алдында орналасқан кіру және шығу жіктегіштерімен, сондай-ақ көлік құралының барын тіркейтін жабдықпен қамтамасыз етілген. Мұнда кіру, бақылау және шығу индукциялық ілмектері, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін оқу камерасы, frid белгілерін тануға арналған есептеуіш құралдар мен қозғалыс жолағын бақылауға арналған шолу камералары орнатылған. Әр терминал шлагбаум, бағдаршам және ақпараттық табло, сондай-ақ, төлем алу және қайтарым ақшаны беру қондырғысы сияқты қозғалысты басқару құрылғыларымен де жабдықталған. Айта кету керек, ақылы жолмен жүріп өткені үшін жүргізушілер QIWI, Касса 24, CyberPlat, Tenge) төлем терминалдары, электронды әмиян (Касса 24, QIWI, Wooppay), интернет банкинг (Halykbank, KaspiBank, Сбербанк, Еуразиялық банк, CapitalBank, АТФ Банк), PayWay.kz сайты, телефон нөміріндегі теңгерім және KazDriver қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Сұрақтар туындаған жағдайда тұтынушылардың операторға қоңырау шалу мүмкіндігі қарастырылған.

Еске салайық, өткен жылдың желтоқсанын айында "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау жөніндегі инвенстициялық байқаудың нәтижелерін жариялаған болатын. Байқау қорытындылары бойынша қазақстандық-тайваньдық консорциуммен келісім жасалды. 

Биыл республикалық маңызы бар автожолдардың 5,7 мың шақырымында төлем алу жүйесі орнатылып, сынақ режимінде пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, 2024 жылға дейін тағы 5,3 мың шақырым жол ақылы болмақ.

Фото: дереккөз
Загрузка...