Қазақстанда өрт саны 12,2 пайызға, өрттен қаза тапқандар саны 8,7 пайызға азайған. Сонымен қатар елімізде биыл 19 өрт сөндіру депосы ашылып, шалғай елді мекендерді қорғау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің баяндамасындағы дерекке сәйкес, 2025 жылы 732 өрт тіркелсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 643-ке дейін төмендеген. Өрт салдарынан қаза тапқандар саны 23-тен 21-ге, жарақат алғандар саны 21-ден 17-ге азайған.
Қазіргі уақытта өрт санының 12,2 пайызға, қаза болғандардың 8,7 пайызға, жарақат алғандардың 19 пайызға азайғаны байқалады, – деді Мұрат Мұханов.
Министр төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін арттыру үшін құтқару қызметінің инфрақұрылымын дамыту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Оның мәліметінше, биыл республика бойынша 19 өрт сөндіру депосы ашылған. Оның жетеуі өрт сөндіру және медициналық қызметтердің қатар жұмыс істеуін көздейтін әмбебап депо.
Бұдан бөлек, 160-тан астам өрт сөндіру техникасын, шамамен 1,5 мың бірлік жабдық пен 2 мыңнан астам жауынгерлік киім-кешек сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Төтенше жағдайларға жедел ден қою деңгейін арттыру аясында министрлік бөлімшелерінің инфрақұрылымын дамыту және материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жалғасуда, – деді министр.
Мұрат Мұханов шалғай ауылдық елді мекендерді өрттен қорғауға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасының іске асырылып жатқанын да атап өтті.
Қазіргі уақытта республика бойынша 312 өрт сөндіру пункті жұмыс істейді. Олардың қызмет көрсету радиусына 978 елді мекен кіреді.
Министр балаларды төтенше жағдай кезінде өзін қауіпсіз ұстауға және алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрету жұмыстары да жүргізіліп жатқанын айтты. Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мектептерде ашық сабақтар, нұсқаулықтар мен практикалық оқу-жаттығулар өткізіледі.
Сондай-ақ «Жас құтқарушылар мен өрт сөндірушілер» балалар үйірмелері дамып келеді. Бүгінде республика бойынша мұндай үйірмелердің саны 2,5 мыңға жеткен.
Еске салсақ, Қазақстанда жылыту маусымында болатын өрттердің 55 пайыздан астамы тұрғын үй секторында, соның ішінде жеке үйлерде тіркеледі. Өрттің негізгі себептері – электр құралдары мен пештерді орнату және пайдалану талаптарын бұзу, сондай-ақ отты абайсыз қолдану. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың үйлерін ерекше бақылауға алып отыр.
Тағы оқи отырыңыз: Атырау мен Алматыда композиттік газ баллондарын шығаратын зауыт ашылуы мүмкін