Биыл «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылады

7 Ақпан 2020, 02:35
6568
Бөлісу:
Биыл «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл елімізде Бас прокуратура Президент Әкімшілігінің өтініштерін қарауды бақылау жөніндегі бөлімімен бірге әзірленген "Е-Өтініш" жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылады. Бұл туралы ҚР президенті Қоғамдық қабылдау бөлмесі Telegram парақшасында хабарлады.

Жоба "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыруда маңызды құрал ретінде айқындалған. Негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініш беру процесін барынша жеңілдету, олардың қарастырылуын бақылауды жетілдіре түсу.

Бүгінде Қоғамдық қабылдау мен мемлекеттік органдарға өтініш жасаушы азаматтар саны артқан. Мемлекет пен қоғам арасындағы екіжақты байланысқа кедергі бірқатар проблемалар "Е-Өтініш" жүйесі арқылы шешімін таппақ.

Біріншіден, мемлекеттік органдар арасында өтініштерді автоматты түрде бөліп беру арқылы артық іс-әрекеттен құтыламыз – шағымданушы тек бір рет қана өтінішінің электронды нұқсасын толтырса жеткілікті болады. Қолданушы сервистің көмегімен оның түріне, саласына және сұрақтың сипатына қарай таңдау жасайды. Таңдап алынған параметрлер бойынша, жүйе автоматты түрде құзырлы органды анықтайды, ал шағым беруші өтініш мәтінін жазады немесе дайын құжатты қыстырады. Бұдан соң, құжат тиісті органдарға жөнеледі.

Екіншіден, өтінішті қарастыру процесі де оның мерзімін қысқартуға орай сәйкестендірілген. Мемлекеттік органдар шағымданушының басқа органдарға түсірген өтінішінің тарихын еш тапсырыс бермей-ақ пайдалану мүмкіндігіне ие болады – бүгінгі күндері мұндай тапсырысты алуға 15 күнге дейін уақыт кетеді.

Үшіншіден, кері байланысты жақсарту үшін, шағымданушы жауапты орган туралы, кім орындайтыны туралы және қанша уақытта қарастыратындары туралы толық ақпаратқа қол жеткізетін болады.

Төртіншіден, жауап сапасын бағалайтын қызмет(сервис) енгізіледі. Соның нәтижесіне қарай, мемлекеттік органдардың жұмысы сәйкестендіріліп отырады, делінген хабарламада.

Сондай-ақ "Е-Өтініш" жүйесі осы заманғы сараптамалық құралдармен жабдықталған.

Сонымен қатар аймақтардағы жағдайды қадағалап, уақытында шешім қабылдау мүмкіндігін арттырады.

Мемлекеттік органдардың жауаптары да осы жүйелік сараптаудан өтеді.

 Жаңа ақпараттық жүйе келесі бір түйінді мәселелерді шешеді:

- бөлек-бөлек коммуникация арналарын біріктіреді;

- шағым түсіру тәртібін бір стандартқа келтіреді;

- шағым түсірудің бірыңғай реестрін құрады;

- деректер базасын өзара байланыстырып, өтініштерді қарастыру процесі оңтайлана түседі;

- өтініштерді қарастыру сапасын қадағалауды қамтамасыз етеді;

- ел-жұрттың проблемасын тез анықтап, шапшаң шешуге көмектеседі.
Өзгелердің жаңалығы