Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында есеп беру кездесуі кезінде Денис Тенді еске алуға арналған халықаралық жарыс өтетіні туралы айтты.
"Жуырда аты аңызға айналған спортшымыз Денис Теннің арамыздан кеткеніне 3 жыл болады. Оның әлемде конькимен мәнерлеп сырғанауды насихаттауға қосқан үлесін ескере отырып, атақты спортшымызды еске алу жарысын өткізу жоспарда бар ма?" деп министрге сауал жолдады.
Ақтоты Райымқұлова 2020 жылы Денис Тенге арналған халықаралық спорттық жобаны (турнир – Baq.kz) өткізу жоспарланғанын айтты. Ол турнир індетке байланысты 2021 жылға ауыстырылғанын еске салды.
Халықаралық коньки тебушілер одағы Алматы қаласында 2021 жылы қазанда Алматы арена мұз айдынында Денис Тенге арналған халықаралық жарыс өткізу бойынша шешім қабылдады. Жарысқа 10 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысады, - деп баяндады министр.
Дегенмен іс-шаралар эпидемиологиялық жағдайға байланысты ұйымдастырылады.
Бірақ осынау халықаралық іс-шараны биылғы жылдың күзінде өткізуді жоспарлап отырмыз, - деп жауап берді Мәдениет және спорт министрі.