Биыл балаларға 580-нен астам жоғары технологиялық операция жасалған

6 Қазан 2021, 16:15
11728
Бөлісу:
Биыл балаларға 580-нен астам жоғары технологиялық операция жасалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елімізде жыл сайын балаларға жүздеген жоғары технологиялық операция жасалады. 2021 жылдың 8 айында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен 2,4 млрд теңге сомасына 582 операция жүргізіліпті. Бір операцияның орташа құны 4 млн теңгеден асады. 

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы хабарлады.

Жоғары технологиялық медициналық қызметтер (ЖТМҚ) диагностика мен емдеудің инновациялық, бірегей әдістерінің көмегімен жүргізіледі.

ЖТМҚ-мен емделетін балаларда жиі кездесетін диагноздар - қанайналым жүйесі, генитурарлы жүйе, асқорыту, эндокриндік жүйелерінің аурулары және туа біткен ақаулар.

Жыл басынан бері 198 бала кохлеарлық есту аппараттарын имплантациялаудың арқасында есту мүмкіндігіне ие болды. 172 пациент жүрек қызметін қалпына келтірді. 67 баланың несеп-жыныс жүйесі органдарында ота жасалынды. Қазақстандық мамандар қан мен сүйек кемігінің онкологиялық ауруларын емдеу кезінде 22 аллогендік және 5 аутологиялық сүйек кемігін трансплантациялауды жүргізді.

Тағы 9 баланың бауыры трансплантацияланған, екі балаға ми ісіктері кезінде күрделі нейрохирургиялық оталар жасалынған. Ең көп жоғары технологиялық медициналық көмек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көрсетілді. 2021 жылдың 8 айында елордада балаларға - 278, Алматыда - 252 жоғары технологиялық ота жасалды. Ел ішінде медициналық технологияларды дамыту, бұл балаларға шетелге емделуге шықпай-ақ ем алудың мүмкіндігі,  -делінген хабарламада.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазақстандық дәрігерлердің оқуына және біліктілігін арттыруға ақы төлейді. Шетелдік мамандарды тарта отырып мастер-кластар өткізу, бейінді отандық дәрігерлерді (онкологтар, гематологтар, офтальмологтар, ангиохирургтер) қазақстандық ауруханалар мен ҒЗИ-да енгізілетін жаңа технологияларға оқытуға мүмкіндік береді.

Биылғы жылы мастер-класс шеңберінде 8 балаға интраокулярлы ретинобластомамен селективті артериялық химиотерапия жүргізілді. Бұл қатерлі ісікті емдеуге көмектесті. 5 балаға көмей және кеңірдек стенозымен түрлі рекоструктивті операциялар жасалынды. 1 балаға халықаралық тіркелімнен бағаналық жасушаларды жеткізу арқылы туыс емес донордан гемопоэздік дің жасушаларын аллогенді транспланттау жүргізілді.

ЖТМҚ-ға жолдаманы қалай алуға болады?

ЖТМҚ алуға жіберу туралы шешімді пациентті жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін қандай да бір медициналық ұйымға жіберу мәселесін шешу үшін бейінді мамандар кіретін жергілікті денсаулық сақтау басқармасының басшысы құрған арнайы комиссия қабылдайды.

Бұдан әрі медициналық ұйым пациенттің тіркелген жері бойынша құжаттар пакетін ЖТМҚ комиссиясының қарауына жібереді. Содан кейін комиссия құжаттарды қарайды. Жолдаманың негізділігін айқындайды және хаттамаға ресімдей отырып, шешім қабылдайтын болады. Оң шешім қабылданған жағдайда ЖТМҚ комиссиясы емдеуге жатқызуға жолдаманы пациенттің құжаттар пакетін қоса бере отырып, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталында тіркейді. 

Электрондық форматта қалыптастырылған медициналық ұйымға емдеуге жатқызуға жолдаманы пациент веб-порталда, ЖТМҚ ұсынатын денсаулық сақтау ұйымына емдеуге жатқызу кезінде қабылдау бөлімінде және тіркелген жері бойынша денсаулық сақтау ұйымына сұрау салу бойынша ала алады. Емдеуге жатқызуға жолдама келіп түскен сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде қаралады және науқасты стационарға емдеуге жатқызу күнін айқындайды.

Өзгелердің жаңалығы