Биыл ақтөбеліктер 1 мамыр мерекесін тойламайды

30 Сәуір 2024, 17:21
895
Бөлісу:
Биыл ақтөбеліктер 1 мамыр мерекесін тойламайды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Биыл Ақтөбе облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жариялануына орай Қазақстан халықтарының бірлігі күні тойланбайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көктемгі су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласындағы саяжайларды, 6 ауданда бірқатар үйлерді су басып, соның салдарынан төтенше жағдай жарияланған. 

Қазір өңірде жағдай тұрақтанды. Дегенмен баспанасыз қалған тұрғындар әлі күнге дейін жатақханаларда орналасқан эвакуациялық пункттерде тұрып жатыр. Мәселен, қала тұрғыны Ерлан Бостаевтың үйін биыл екінші мәрте су басқан. Ол отбасымен АЗФ-13 саяжайында тұрады.

Ең алғаш рет 2017 жылы суға кеттік. Ол кезде бізге ешқандай көмек көрсетілмеді. Биыл тағы үйімізді су басты. Дүние-мүлкіміз жарамсыз болып қалды. Алдымен 29 наурызда №36 мектепке эвакуацияландық. Одан кейін бізді жатақханаға ауыстырды. Бұл жерде тұрып жатқанымызға он күннен асты. Үш баламмен, келіншегіммен осында тұрып жатырмыз. Енді әкімдік басқа жерден үй берсе деген тілегіміз бар, — дейді Ерлан есімді тұрғын.

Қазір үйі суға кеткен ақтөбеліктердің халі — осы. Олардың қай кезде жаңа үйге көшіп барары белгісіз. Осы жағдайды жан-жақты саралаған жергілікті билік мерекені тойламау туралы шешім қабылдады.  

Биыл Ақтөбе қаласында 1 мамыр мерекесі тойланбайды. Орнына сенбіліктер, қаламызды көркейтуге бағытталған санитарлық тазалау, көгалдандыру жұмыстары жүргізілетін болады, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет үйі директорының орынбасары Фариза Төлебаева.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы мекемесі қала мектептерінде ашық есік күндерін, бірыңғай сағаттар өткізіп жатыр.

Ертең Ассамблея мүшелері «Достық» саябағындағы ағаштарды әктеп, көшеттер егеді, тазалық акциясын өткізеді, — дейді ҚХА өкілі Бекзат Молдыкешева. 

Өзгелердің жаңалығы