Биыл Ақтөбе облысында жастар мен балалардың мопед көлігін жүргізуі салдарынан 134 жол-көлік оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжановтың айтуынша, бұл көлікті 16 жастан бастап жүргізуге рұқсат беріледі. Ал қазір жасөпірімдер жол қауіпсіздігі ережелерін білмей, соның себебінен жол апатына ұшырап жатыр.
Біз бұл бағытта тұрғындармен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, алайда ата-аналар балалар өміріне немқұрайлылық білдіруде. Осыған байланысты біз оқу жылы басталысымен білім саласы қызметкерлерімен түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ балалардың қатысуымен болған жол оқиғалары деректерін талдасақ, олардың дені тасымалдау ережелерін бұзу және белгіленген жылдамдықтан асыру себебінен екені анықталып отыр. Осыған байланысты өңірімізде көше-жол желісінің жай-күйін жақсарту және жылдамдық өлшегіш функциясы бар автоматты құрылғылар санын көбейту қажет, — дейді Айдос Құлжанов.
Оның айтуынша, биыл облыста балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша мектептерде, мектепке дейінгі мекемелерде, жоғары оқу орындарында ата-аналармен кездесулер өткізілген. Іс-шаралар барысында 400-ден астам әртүрлі тақырыптағы бейнероликтер халыққа әлеуметтік желілер (Facebook, Instagram, Ақтөбе қаласында және аудандарда орталығында орнатылған 10-лэд экранда) арқылы көрсетілген.
Балалардың қатысуымен жол қозғалысы қауіпсіздігі қағидалары бойынша конкурстар мен викториналар, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша сабақтар өткізілген.
Балалар тасымалдайтын 127 автобус бар
Сондай-ақ бүгінде балалардың тасымалын ұйымдастыруда полиция департаменті мүдделі мекемелермен бірлесіп, өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруда. Мәселен, білім беру мекемелері балаларды тасымалдау туралы ішкі істер органдарына үш тәулік бұрын ресми өтінім беруі керек. Сонда полиция қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін адам тасымалдайтын автобус немесе басқа да көліктерді «күзетіп» жүреді.
2022-2023 жылдары осы талаптардың орындалмауынан облыста жол апаты болып, салдарынан бірнеше бала көз жұмған болатын.
Қазіргі таңда балалар тасымалын қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағындағы білім беру ұйымдарына 32 автобус алынды. Биыл тағы 2 автобус сатып алынбақ. Жалпы, өңір бойынша білім беру мекемелері 127 арнайы автобуспен қамтамасыз етілген. Оның 54-і мектеп балансында болса, 73-і-жалдамалы.
Өкінішке қарай, биыл облысымызда жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр. Мәселен, биылғы 6 ай ішінде облыс аумағында 291 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 36,6 пайызға көп. Былтырғы көрсеткіш — 213. Жол апаттарының салдарынан биыл өңірде 68 адам көз жұмып, 400-ге жуық адам дене жарақатын алды. Жол-көлік оқиғаларының басты себептері жылдамдықты арттыру, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалыс ережелерін бұзуы болып отыр, — дейді ол.
Басқарма бастығының айтуынша, биыл жыл басынан бастап патрульдік полицияның жеке құрамы жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 95 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кескен.
Оның ішінде жылдамдықты сақтау ережесін бұзу бойынша — 37 мың, қарама-қарсы бағытқа шығу – 563, мас күйінде көлік жүргізгені үшін – 674, жаяу жүргіншілердің жаяулар өткелінен тыс жерден өткені үшін – 7525, жаяу жүргіншілерге қозғалыс кезінде артықшылық бермегені үшін – 2078 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылып, оларға жалпы құны 2 млрд 027 млн 450 мың теңге айыппұл салынған.
Бүгінде осы қаржының 78 пайызға жуығы, яғни 1 миллиард 580 миллион 224 мың теңге айыппұл өндірілді. Алайда жол-көлік оқиғаларының санын азайту мәселесі полиция қызметкерлерінің жүргізушілерге айыппұл салуымен шешілмейді. Бұл жерде жауапкершілік — көлік жүргізушілерінде. Сондықтан біз барша жүргізушілерді жолда сақ болып, жол ережесін бұзбауға шақырамыз, — дейді Айдос Құлжанов.
«Самара-Шымкент» тас жолы неге қауіпті?
Биыл Ақтөбе облысында тіркелген жол-көлік оқиғаларының 73,5 пайызы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда болған. Осы орайда қазір полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мәселен, 6 ай ішінде бұл жолдарда 58 жол апаты болып, салдарынан 50 адам қаза тауып, 106 адам дене жарақатын алған.
Оның ішінде халықаралық маңызы бар «Самара-Шымкент» автожолы қауіпті жолдардың қатарына жатқызылып отыр. Себебі жыл басынан бері бұл тас жолда 37 жол апаты болған. Соның салдарынан 28 жолаушы көз жұмған, 70-ге жуық адам жарақаттанған.
«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық жолымен тәулігіне 16 мыңнан астам көлік жүреді. Халықаралық маңыздағы тас жол болғандықтан, бұл жолмен Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірлерінен жүк және жеңіл автокөліктер өтеді. Бұл тас жолда көліктің көптігінен, сондай-ақ жүргізушілердің жылдамдықты тым асыруынан жол-көлік оқиғалары жиі тіркелуде. Сонымен қатар сырт жолдарда да жол апаттары орын алуда. Мысалы, 58 жол-көлік оқиғасы осындай 22 транзиттік көліктің қатысуымен болып отыр. Салдарынан 17 адам қаза тауып, 42 адам дене жарақатын алған. Оның ішінде шетел азаматтарының қатысуымен болған жол апатының саны — 15. Сондай-ақ бүгінде республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда автоматты режимде жұмыс істейтін жылдамдық өлшегіш құралдарының болмауынан да жол апаты саны артуда. Қазір біздің департаментке қарасты 15 «Автоураган» кешені және пилотсыз ұшу аппараты жұмыс істеп тұр. Дегенмен бұл облысқа аздық етеді, — дейді басқарма бастығы.
Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысындағы автокөлік жолдары мен көше-жол тораптарына 1705 рет тексеру жүргізіліп, жол қозғалысы қауіпсіздігіне кері әсер ететін 2547 ақауды жоюға 1463 ұйғарым берілген.
Жолдарды тиісті деңгейде күтіп, ұстамағаны үшін 170 лауазымды және заңды тұлғаға әкімшілік шара қолданылған. Жауапқа тартылғандар қатарында Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы, облыстағы бірқатар селолық округтердің әкімдері, «ҚазСервис» ЖШС мамандары, т.б. бар.
Заңсыз таксилер көбейген
Айдос Құлжановтың айтуынша, Ақтөбе қаласындағы автокөлік жолдарындағы бейнекамералардың саны әлі де аз. Мәселен, қала орталығында барлығы 208 бейнекамера бар, оның ішінде 17-сі ғана жол қауіпсіздігі бойынша жұмыс жасап тұр. Сондықтан облыс орталығында жолаушылардың қауіпсіздігі үшін бейнекамераларды көптеп орнату керек.
Тағы бір айта кететін жайт, бұл — жолаушылар тасымалы мәселесі. Қазір аудан орталықтарынан Ақтөбеге заңсыз жолаушылар тасымалдайтын таксилер саны көбеюде. Олар адам өміріне қауіпті болып отыр. Мәселен, биыл Темір ауданы Кеңқияқ ауылынан шыққан заңсыз такси автокөлігі жол апатына ұшырып, салдарынан 8 адам қаза болды. Осындай деректер өзге аудандарда да бар. Қазіргі таңда Ақтөбе облысы аумағында облысішілік жолушыларды тасымалдау қызметі Қарғалы, Ырғыз, Әйтеке би, Ойыл аудандарында ұйымдастырылмаған. Бұл аудандардан Ақтөбеге автобустар жүрмейді. Осыған байланысты жауапты мекемелерге аталған аудандарда жолаушылар тасымалын автобустармен ұйымдастыру қажеттігін жеткізіп жатырмыз. Алайда аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жолаушылар тасымалына көңіл бөлмей, көрсетілген жұмысты тиісті дәрежеде атқармай отыр, — дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов.
Қалай десек те, Ақтөбе облысында жол апаты азаймай отыр. Бұған жан-жақты әсер ететін факторлар көп. Қазір облыс тұрғындарының бұл орайда әкімдіктерден сұрайтыны — тақтайдай тегіс жол, сапалы қызмет және темірдей тәртіп...