Биыл Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы 1,5 млн тонна жүк тасымалданды

25 Қараша 2022, 23:29
1429
Бөлісу:
Биыл Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы 1,5 млн тонна жүк тасымалданды

Биыл 10 айда Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы 1,5 млн тонна жүк тасымалданды Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп. Ал контейнерлік тасымал көлемі 55%-ке артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Министр Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытының инфрақұрылымы 6 млн тонна, соның ішінде 80 мың жиырма футтық эквивалент тасымалдауға мүмкіндік береді. Бұл бағдар бойынша кедергілерді шешетін әрі көлік дәлізін дамытуға бағытталған Жол картасы әзірленді.

Әр мемлекет өз тарапынан өзіне уәде алып отыр, біз 2022-2027 жылға дейін осы инфрақұрылымды жасаймыз деп. Осы 3-4 айдың ішінде біздің әріптестеріміз, мамандар тобы осы 4 елдегі келісіп, осы Жол картасын құрып жасап бүгін бізге қол қоюға табыстады. Жаңа паромдар салу керекпіз. Басқа да кемелерді жасау үшін жаңа зауыт саламыз деп қарастырып жатырмыз инвесторлармен, - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Министрлер кездесуінде Қазақстан тарабы Транскаспий дәлізінде бірлескен кәсіпорын құру жұмыстарын жеделдетуді ұсынды. Ол ортақ оператор ретінде жүк жөнелтуші және алушылармен жұмыс жасайды. Бұл бағытта бірыңғай тариф пен қызметтерді ұсынатын болады. Жиында жаһандық көлік бағдарын жетілдіруге Еуропалық одақтың қаржылай қолдау білдіруге дайын екені айтылды.

Геосаяси жағдайда осы мәселенің өзектілігі жоғарылап келеді. Аталған іс-шараларды жүзеге асыру Каспий, Қара теңіз өңіріндегі кооперацияны нығайтуға оң әсерін тигізеді. «Баку-Тбилиси-Джейхан» және «Баку-Супса» мұнай құбырлары, сондай-ақ «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол арқылы қазақстандық көмір сутегілерін тасымалдау әріптестеріміз үшін ерекше қызығушылық тудырады, - деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

Еліміздің су айлақтарында теңіз түбін тереңдету бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Контейнерлік парк және жеке паром флотын толықтыру, шекарадан өту рәсімдерін жеңілдету жолдары қарастырылуда. Жол картасында көрсетілген іс-шаралар жүзеге асқан жағдайда 2025 жылға қарай дәліз бойынша өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы