Биыл Алматы облысында балық өсіру көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда

17 Наурыз 2022, 21:40
2015
Бөлісу:
Биыл Алматы облысында балық өсіру көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда

Алматы, BAQ.KZ. Өткен жылы Алматы облысында 6 мың тоннаға жуық тауарлы балық өсірілсе, биыл оның көлемін 8 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Арал бекіресі қолдан өсірілетін болады. Бұл туралы ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитеті ұйымдастырған баспасөз турында айтылды.

Алматы облысында балық өсіретін 22 шаруашылық бар. Солардың бірі Марлен Тұрсынәлі. Былтыр кәсіпкер 50 тонна тауарлы бақтақ балығын өсірсе, биыл 160 тоннаға көбейтпек. Өйткені қазір өңірдің Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласында балық өсіретін тоғандарды салып жатыр. Алдағы екі айда құрылыс жұмыстары аяқталатынын айтады.

Биыл Алматы облысында балық өсіру көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда

Жылына  220 тонна форель балығын, 50 тонна бекіре балығын, 100 тонна африкалық (клариви дейтін) сом балығын  өсіреміз. Шаруашылықтарымызда 50-ге жуық адам еңбек етеді. Өздеріңіз көрген жерді инвестициялық жобамен алдық. Алдағы екі айда құрылыс жұмыстары толықтай аяқталады. Сол кезде қуаттылығы 120 тонна болатын су тоғандарында қосымша тағы да бақтақ балығын өсіреміз. Әрі қарай ішкі нарыққа сатылымға шығарамыз ,- дейді кәсіпкер Марлен Тұрсынәлі.

Сонымен қатар, Шелек тоған шаруашылығында осы жылдың сәуірінен бастап облыста Арал бекіресі өсірілетін болады. Еске салсақ, бұл су маржаны 1996 жылы ерекше қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді. Алайда, Арал-Сырдария су бассейінде бұл балық түрі жойылып кеткен. Бірақ, жерсіндірілген Балқаш-Іле су бассейінен ауланады. Сөйтіп, шаруашылықта оны қолдан әрі қарай өсіруге бейімдеп, уылдырығы мен шабағын табиғи ортаға қайтадан жібереді. Қазір оған рұқсат алуы үшін сала комитеті осы айдың аяғына дейін қаулы шығаруды жоспарлауда.

Биыл Алматы облысында балық өсіру көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда

Біз түрлі сараптамадан өтіп, аулауға рұқсат алуы үшін биологиялық негіздемені Балық шаруашылығы комитетіне жібердік. Қаулы шыққан соң сәуір айында табиғи ортадан аулап, қолда өсіруге биімдейміз. Ересек аналықтардың уылдырығынан шабақтарды шығарып, қайтадан табиғи ортаға жібереміз. Бұл өз кезегінде жойылып бара жатқан бағалы балық түрін сақтап қалуға сеп болады-, дейді шаруашылық директорының орынбасары Мейрамбек Пазылбеков.

Алматы облысы өзге өңірлерге қарағанда балық өсіруге әлеуеті жоғары. Сондықтан болар қолдан өсіремін деген ниет білдірушілер көп. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да аз емес.

Биыл Алматы облысында балық өсіру көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда

Алматы облысында су және жасанды сулар көп, табиғи көлдер де баршылық. Биыл сол табиғи көлдерді балық өсіру үшін бекітіп, жылдың соңына қарай 8 мың тонна дейін балық өсіруге жоспарымыз бар. Өткен жылы Алматы облысының бюджетінен тауарлық балық өсіруді субсидиялауға 32,1 млн теңге қаражат бөлінді, оның 16,2 млн теңгесі игерілді. Қалған 15,8 млн теңге өтініш түспегендіктен бюджетке кері қайтарылды. Биыл облыс бюджетінен тауарлық балық өсіруді субсидиялауға 38,0 млн теңге бөлу жоспарлануда-, дейді Балқаш-Алакөл облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Ринат Кумашев.

Айта кету қажет, өткен жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Онда аталған жылдар аралығында қолдан өсірілген су маржандарының көлемін 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген.

Биыл Алматы облысында балық өсіру көлемін 8 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда

 

Өзгелердің жаңалығы