Биыл әлеуметтік сала қызметінің 93 пайызын цифрландыру көзделген

10 Маусым 2021, 14:51
3449
Бөлісу:
Биыл әлеуметтік сала қызметінің 93 пайызын цифрландыру көзделген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру кездесуі барысында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және әлеуметтік-еңбек саласына енгізілетін өзге де цифрлық шешімдер туралы айтып берді.

Министрдің айтуынша, осы жылдың басында мемлекеттік қызметтердің 91%-ы цифрландырылды, олардың жартысынан астамы – проактивті. Биыл көрсетілетін қызметтер санын 93%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Біз цифрлық шешімдерді белсенді енгізіп, проактивті мемлекеттік қызметтердің бизнес-процестерін оңтайландырамыз, көрсетілетін қызметтердің санын арттыру және оларды азаматтар үшін қолжетімді ету үшін кезеңдер санын қысқартамыз. Өткен жылы 12,4 млн қызмет көрсетілді, оның жартысынан көбі, яғни 7,8 млн-ы – электрондық қызмет, – деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Оның айтуынша, іске асырылып жатқан цифрлық жобалардың бірі – мүгедектігі бар адамдарға қызметтер мен оңалту құралдарын тікелей өнім берушіден сатып алуға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы. Бұл, ең алдымен, қызметтер сапасының өсуіне ықпал етеді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді.

2020 жылы мүгедектігі бар адамдар портал арқылы 128 мың қызметке тапсырыс берген және оларды алған, оның ішінде оңалту құралдары, жеке көмекшінің қызметтері, ымдау тілі маманының қызметтері, санаторий-курорттық емдеу бар.

Сондай-ақ біз отбасының цифрлық картасын – өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларды автоматты режимде анықтауға, оларға қажетті кешенді қолдау шараларын проактивті түрде көрсетуге, сондай-ақ қолжетімді индикаторлар арқылы отбасының әлеуметтік жағдайының нашарлауын болжауға мүмкіндік беретін жобаны жасау бойынша жұмысты бастадық, – деді Еңбек министрлігінің басшысы.

Бұдан басқа, цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын кезең-кезеңімен енгізу жүріп жатыр.

Бірінші кезеңде 2020 жылы ірі қалалардағы 17 пилоттық жұмыспен қамту орталығының базасында электрондық еңбек биржасы арқылы төрт қызметті ұсыну бойынша жоба іске қосылды. Ол төрт бағыт: жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеу, жұмыссызды тіркеу, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, оның ішінде жастар практикасын, қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын таңдау.

Жыл басынан бастап пилоттық жоба аясында 6,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Екінші кезеңді біз Электрондық еңбек биржасы арқылы барлық қазақстандық үшін халықты жұмыспен қамту орталықтарының осы онлайн-қызметтерін қолжетімді ете отырып, 1 мамырдан бастап іске асыра бастадық. Біз биылғы жылы Жұмыспен қамту қызметтеріне өтініштердің кемінде жартысы онлайн режимде болады деп болжап отырмыз, – деп атап өтті Серік Шәпкенов.

Ведомство басшысының айтуынша, e-HR жобасы – еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі белсенді түрде дамуда. Бүгінгі таңда жүйеде 4,8 млн шарт тіркелген, оған 171 мың ұйым қосылған. Бұл барлық жұмыс істейтін азаматтың шамамен 79%-ын құрайды.

Биыл біз еңбек шарттарының кемінде 85%-ын e-HR жүйесімен қамтуды жоспарлап отырмыз. Ал 2022 жылы барлық жұмыс істейтін халықты толық қамтимыз деп күтеміз. Осылайша, жұмысқа орналастыруды жеңілдетуден басқа, ашықтық есебінен азаматтардың еңбек құқықтарын сақтаудың өзекті мониторингі қамтамасыз етіледі, – деп түйіндеді Серік Шәпкенов.
Бұған дейін Шәпкенов елімізде жұмыспен қамту бойынша қандай шаралар атқарылып жатқанына тоқталды.
Өзгелердің жаңалығы