Биыл әлеуметтік маңызы бар дақылдардың алқаптары кеңейтілді

28 Мамыр 2021, 12:54
2727
Бөлісу:
Биыл әлеуметтік маңызы бар дақылдардың алқаптары кеңейтілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайтуға назар аударылды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Оның айтуынша, ауылшаруашылық дақылдарының егіс көлемі 22,8 млн га құрайды.

Биыл әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдардың, оның ішінде картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жемшөп дақылдарының алқаптарын кеңейтуге ерекше назар аудару ұсынылды. Жалпы егіс жұмыстары оңтайлы мерзімде штаттық режимде өтуде. Шаруалар ылғал жабу, көктемгі жер жырту мен өңдеу сияқты маңызды технологиялық операцияларын уақтылы жүргізді, - деді ол.

Брифингте келтірілген мәліметтерге сүйенсек, көктемгі дала жұмыстары республиканың барлық өңірінде жүргізілуде.

Атап айтқанда, бүгінгі күні жалпы егіс алаңынан 16,7 млн га немесе 88,5% егілді, бұл өткен жылдан 1,5 млн гектарға артық. Соның ішінде: дәнді дақылдар - 13,1 млн га немесе 87,2%, майлы дақылдар 2,7 млн га немесе 93,6%. 1 млн га басқа да дақылдар себілді.

Негізгі астық егетін облыстар мамыр айының ортасынан бастап егуге кірісті. Бұл ретте Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстарында егіс жұмыстары аяқталды. Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарында аяқталу сатысында. Шаруалар тұқымдық материалмен толық қамтылған. Тексерілген тұқымдардың 90 пайызы егістік стандартына сай келеді, - деді ол.

Оның айтуынша, өнімділікті арттырудың маңызды факторы тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолдануға байланысты. Осы орайда 500 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыштарға келісімшарт жасалды.

Бүгінгі таңда шаруаларға 400 мыңға жуық тонна жеткізілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 мың тоннаға артық. Сондай-ақ шаруалар өсімдіктерді қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуде.

Өзгелердің жаңалығы