Биыл 5,3 млрд теңгеге 63 жоба мақұлданды - әкім

22 Маусым 2020, 21:29
1262
Бөлісу:
Биыл 5,3 млрд теңгеге 63 жоба мақұлданды - әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен 5 ай ішінде бизнесті жүргізудің жеңілдігі бойынша аймақтар рейтингісінің алдын ала қорытындысы шығарылды.Көшбасшылар үштігінде Ұлытау ауданы, Қаражал қаласы және Жаңаарқа ауданы бар.

Карантин ШОБ жаңа кәсіпорындарын ашу және жұмыс істеп тұрған компаниялардың тиімді жұмысы жөніндегі жоспарларына елеулі түзетулерді енгізді. Алайда, ШОБ өсу қарқынының төмендеуі әрдайым кемшілік болып табылмайды. Биылғы жылы шағын және орта бизнестің 12 кәсіпорны ірі кәсіпкерлік санатына көшті. Облыс экономикасы үшін бизнесті ірілендіру жақсы нәтиже болып табылады. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша биылғы жылы ШОБ-қа баса назар аударамыз. Осы мақсатта бағдарлама бойынша 63 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылып, 16 мың жұмыс орны құрылады. Бүгінде облыстың кәсіпкерлерімен 614 келісім-шарт жасалып, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобаларда 10 мың жұмыс орны ашылды. Олардың жартысы Жұмыспен қамту орталықтары есебінен толықтырылды - деп жазды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Биыл алғаш рет облыста "Бизнестің жол картасы – 2025" бағдарламасын жүзеге асыруға 4,2 млрд теңге қарастырылған. 

Оның ішінде 2,5 млрд теңге пандемия салдарын жою үшін тартылған қосымша қаражат болып табылады. 296 жобаға қаржылай қолдау көрсету жоспарлануда. Қазірдің өзінде 99 жоба қаржылай көмек алды. "Қарапайым заттардың экономикасы" бағдарламасының мүмкіндіктері зор. Мұнда несие бойынша мөлшерлеме 6% - дан аспайды. Бағдарламаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан барлығы 1 трлн теңге бөлінді. Биыл 5,3 млрд теңгеге 63 жергілікті жоба мақұлданды. Бұл ретте жобалар іске асырылмайтын аудандар да бар. Бүгін аппараттық кеңесте осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырдым - дейді әкім.

Сондай-ақ рейтинг Жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша берілген шағын несиелердің санын да ескереді. 

Бұл мақсатқа 2020 жылы 1100-ден астам кәсіпкерді қамту үшін 5 млрд теңге қарастырылған. Жергілікті бюджет есебінен қолдау көрсетуге келетін болсақ, биылғы жылы облыстың 14 өңірі жас кәсіпкерлерге 110 млн теңге көлемінде 151 грант беруді жоспарлап отыр. Бүгінде Жаңарқа және Қарқаралы аудандарында әрқайсысы 500-700 мың теңгеден 20 грант берілді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Бұл ретте жас кәсіпкерлер арасындағы жұмысты күшейтуді тапсырдым. Олар мемлекет ұсынатын барлық мүмкіндіктер жайлы білулері тиіс. Жастардың стартаптарына қолдау көрсету аса маңызды. Қазіргі уақытта кәсіпкерлікті қолдау бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданып жатыр. Оның ішінде салықтан босату және оны төлеуді кейінге қалдыру, қарыз жүктемесінің өсуіне жол бермеу, рәсімдерді оңайлату және тексеруге мораторий енгізу сынды шаралар бар - деді Жеңіс Қасымбек.
Өзгелердің жаңалығы