Биыл 300 мыңға жуық адам психиатрлардың көмегіне жүгінген

12 Қазан 2021, 11:41
50911
Бөлісу:
Биыл 300 мыңға жуық адам психиатрлардың көмегіне жүгінген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Халыққа психикалық көмек көрсету қолжетімді бола түсті. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының міндетін атқарушы Қуаныш Алтынбеков Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтты.

Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік психикалық денсаулық федерациясының бастамасы бойынша 1992 жылдан бастап жыл сайын 10 қазанда атап өтіледі. Биыл Дүниежүзілік психикалық денсаулық күні «Психикалық денсаулық туралы қамқорлық барлығына: оны шындыққа айналдырайық» ұранымен атап өтіледі.

Қуаныш Алтынбековтың айтуынша, елімізде 17 аймақтық психикалық денсаулық орталығы, қалалық емханалардың құрылымында 82 алғашқы психикалық денсаулық орталығы, аудандық деңгейде 201 психикалық денсаулық бөлмесі қызмет етеді.

2018 жылға дейін психиатр дәрігерлердің қабылдауы тек психиатриялық ұйымдарда жүзеге асырылатын. 2021 жылдың 9 айында адамдардың алғашқы психикалық денсаулық орталықтары мен психикалық денсаулық бөлмелеріне көмекке жүгіну саны 297 464 құрады. Көріп отырғанымыздай, халыққа көрсетілетін көмек бұрынғыдан қолжетімді бола түсті, бұл психикалық денсаулық саласында науқасқа бағдарланған көмек көрсету үлгісін жетілдірудің арқасы, - деді ол.

Сонымен қатар ол психикалық денсаулық орталықтарында психикалық ауытқуы бар адамдарға 735 төсек-орынға арналған 16 күндізгі стационар жұмыс істейтінін айтты. Балаларға көмек көрсетуді қолжетімді етуге үлкен көңіл бөлініп отыр екен.

Соңғы жылда 65 төсек-орынға лайық балаларға арналған 3 күндізгі стационар бөлімшесі құрылды; Қарағанды облысы мен Шымкент қаласында ауысымына 20 көмекке жүгінуді қамтитын балаларға арналған екі медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесі ашылды. Оған қоса денсаулық сақтау ұйымдарында балалар психиатрларының саны артты, бұл көрсеткіш 2017 жылғы 65-тен 2020 жылы 97-ге дейін жетті,-деді Алтынбеков.

Дәрігерлік кадрлар бойынша 2021 жылы 124 психиатр дәрігер резидентураны аяқтап, денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыс істеуге кіріскен.

Өзгелердің жаңалығы