Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев халық алдында берген есебінде орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі мәселелері маңызды басымдықтардың бірі екенін айтты.
2018 жылы орман алқаптары 52,7 мың гектарды құраса, өткен жылы 64 мың гектарға жетті. 4,6 мың гектар алаңда елорданың жасыл аймағын құру бойынша жұмыстар жүргізілді. Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан айналасында ұқсас аймақтар құруды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде жұмыс жобалары әзірленді. 2030 жылға қарай жасыл аймақтардың алаңын 68,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда, - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Министр орман өрттерін алдын алу жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Орман өрттерімен өткен алқаптың төмендеуі байқалады. Алайда, қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жыл басынан бері 16 мың гектардан астам аумақта 191 орман өрті тіркелді. Өрттен келген шығын 1,8 млрд теңгені құрады, - деді министр.
Мырзағалиев атағандай орман алқаптарының жағдайына қоғамдық бақылау жүргізуге ел тұрғындарын барынша тарту үшін арнайы веб-сайт іске қосылды.
Сексеуіл екпелерін сақтау біз үшін маңызды сұрақ. 2019 жылы Арал теңізінің құрғаған түбінде корей орман қызметімен өзара іс-қимыл жасау аясында 5 мың гектар егілді. Осы жылы 2,5 мың гектарға отырғызылады. Сондай-ақ, 2019 жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 165,6 мың сексеуіл екпелері және 23,5 мың гектар сексеуіл тұқымы отырғызылды. Биыл "Өсімдік әлемі туралы" заң жобасын және 2030 жылға дейінгі Қазақстанның биологиялық әртүрлілігін сақтау тұжырымдамасын дайындаймыз, - деді министр.